Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Көкшетау – Зеренді тасжолында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жолда елімізде алғаш рет реверсивті қозғалыс жолағы енгізілмек, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, жобаның ерекшелігі – жолдың ені 7 метрден 11 метрге дейін кеңейтіліп, үш жолақты жүйе қалыптасады. Ортаңғы жолақ реверсивті болмақ, яғни қозғалыс бағытына байланысты ауысып отырады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттырып, жазғы туристік маусымда көлік тығынын азайтуға және жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік береді.
«Жазғы уақытта Зеренді курорттық аймағына баратын көлік саны артатыны сөзсіз. Жөндеу жұмыстары 47 шақырымды қамтиды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр», деді вице-министр.
Айта кетейік, Зеренді – еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі. Әр жылы бұл өңірге мыңдаған турист келеді. Осыған орай, жол инфрақұрылымын жаңарту назарға алынған.
Жалпы, 2025 жылы республика бойынша 7 мың шақырым жол орташа жөндеуден өтпек. Бұл жұмыстар, ең алдымен, туристік әлеуеті жоғары аймақтарға бағытталған. Олардың қатарында Алакөл, Баянауыл, Қорғалжын, Көлсай мен Қайыңды, Рахманов қайнары, Кендірлі, сондай-ақ Имантау-Шалқар курорттық аймағына апаратын жолдар бар.