Грекияның Иксия курорт ауданында 8-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ертең мәресіне жететін жаһандық додада жас шахматшыларымыз 6 алтын, 1 қола жүлде олжалады, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.
Жасөспірімдер арасындағы әлемдік дода рапид және блиц бойынша өтіп жатыр. 49 елден 433 шахматшы бақ сынаған додада Әдинұр Әділбек (O8),Әміржан Әнетов (O10), Айару Алтынбек (G14), Елназ Қалиахмет (G16), Ерғали Сүлеймен (O18) және 11 партияның барлығында қарсыластарын айқын ұтқан Алиша Бисалиева әлем чемпионы атанды. Ал Жансая Шолпанбекке (G14) қола жүлде бұйырды. Талантты жеткіншектер швейцариялық жүйе бойынша өткен тартыста жоғары нәтиже көрсетті. Жас санаты бойынша ересектердің тартысы енді басталады. Елімізден әлем чемпионатына 22 шахматы аттанған еді. Олардың арасында алтынмен олжалы оралады деп әлемдік рейтингте жоғары тұрған Әдинұр Әділбек (O8) пен Айару Алтынбекке (G14) зор сенім артылған еді. Десе де саңлақтарымыз жоспарлы межені асыра орындады.
Ертең блицтен (5+3) жарыс аяқталады, сайыста да швейцариялық жүйе бойынша тартыс 11 турға ұласады.