Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде сарбаздар үшін ерекше кездесулердің бірі өтті. Бұл жолы ұландық жауынгерлер Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аида Әбікеевамен жүздесіп, оның табысты жолынан мотивация алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жас сарбаздарды рухтандыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және патриоттық сезімді арттыру. Аида Әбікеева әскери бөлімге арнайы келіп, өзінің спорттағы жолын, жеңістерге жету жолындағы еңбек пен күш-жігерін бөліскен.
Өз сөзінде чемпион жеңіске жетуде тәртіп пен қажырлы еңбектің айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, спорттағы және өмірдегі сәттіліктің кілті — өз ісіңе адал болу, алға мақсат қойып, сол жолда тынымсыз еңбектену. Спортшының жігерлі ойлары мен өмірлік тәжірибесі сарбаздарға үлкен әсер қалдырды.
Кездесу еркін сұхбат форматында өткен. Жас жауынгерлер чемпионға ерекше қызығушылықпен түрлі сұрақтар қойып, оның күн тәртібі, жаттығу режимі, жарыстарға дайындығы туралы мағлұмат алды. Аида өз кезегінде әскери қызметтің маңызын атап өтіп, сарбаздарға ел тыныштығын қорғауда табыс тіледі.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы атынан Аида Әбікееваға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай кездесулер сарбаздардың рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін нығайтатыны сөзсіз.