Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Парламент депутаттарының қатысуымен және министрліктің бастамасымен ұйымдастырылған киік популяциясын тұрақты басқару тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Талқылауға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, ғылыми ұйымдар, үкіметтік емес сектор, халықаралық сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында киік санының көбеюі жағдайында биологиялық әртүрлілікті сақтау, ауыл шаруашылығы саласындағы шығындарды азайту және киік популяциясын ғылыми тұрғыдан дәлелденген әрі қоғам үшін қолайлы тәсілмен реттеу мәселелері сөз болды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік популяциясының қазіргі ахуалы, оларды қорғау шаралары, халықаралық әріптестік және бақылау жүйесі бойынша өз баяндамасын ұсынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау түрлері – қоршауларға берілетін субсидиялар, жабайы жануарлардан келген шығындарды өтеу және эпизоотиялық бақылау жайында ақпарат берді.
Ғалымдар қауымдастығы киіктердің санын басқаруға арналған ғылыми әдістемелермен, санақ жүргізу технологияларымен, көші-қон процестерін модельдеумен және популяцияның оңтайлы көлемін анықтау жолдарымен таныстырды. Сонымен қатар, халықаралық міндеттемелерді сақтау, табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану жолдары, соның ішінде жартылай еркін ұстау тәсілдері бойынша ұсыныстар айтылды.
Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) аңшылық ресурстарды ұтымды және тұрақты пайдалану табиғатты сақтау қағидаларымен тек үйлесіп қана қоймай, сол қағидаларды жүзеге асыруға да ықпал ететінін бұрыннан мойындаған. Мұндай пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі нысаналы жануарлар түрлері мен олардың табиғи мекендеу ортасын сақтауға серпін береді (ХТҚО, Түрлердің өмір сүруі жөніндегі комиссия, 2012 ж.).
Киік санының тарихи шектен асып кетуі және жергілікті тұрғындармен қақтығыстардың жиілеуіне байланысты киіктерді тұрақты және реттелген түрде пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Бұл тәсіл – сұранысқа ие, ғылыми және экономикалық негіздемеге сүйенген, әрі халықаралық сарапшылар тарапынан қолдау тауып отырған жол.