• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер 25 Сәуір, 2025

Сыры көп сандық

70 рет
көрсетілді

Мына сандық – өткен ғасырдың басында Меккеге барып қайтқан дүние. Оны Құлеке батырдың бір ұрпағы Бекмырза 1903–1904 жылдары қажылық сапарға барғанда заттарын салуға пайдаланған.

Құлеке батыр – Абылай хан­ның оң тізесін баса отырған ақыл­шы-батыр­ларының бірі. Хан оны Ресей, Қытай мемлекеттері арасын­дағы елшіліктерге де жіберіп, дипло­матиялық істерге жұмсап отырған. Құлеке туралы кезінде:

«Құдай жақсы жаратқан Құлекені айт,

Елде жақсы бар болса бір-екенін айт.

Атығайда төрт қасқа батыр өткен

Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт», деген сөз қалған.

Құлекеден Бәбеке, Мөңке, Тілеуке, Шардақ, Қазақбай, Жүсіп атты алты ұл туады. Осындағы Тілеуке ақын, философ, ақы­лына қарап жасынан шал атанған Шал ақын.

Қазақбайдың бір баласы – Бек­мыр­за. Оның Жантілеу деген баласынан Қо­шан туып, ал одан атақты академик Аманжол Қошановтың тарағанын біле­міз. Бұл атаның ұрпағы ежелден қа­рым­ды, текті, білімді, аталы екені көрініп тұр.

Бекмырза 1903–1904 жылдары қасына елден Ыбырай және тағы бір жігітті ертіп, қажылыққа барған. Өзі 60-тан жаңа ғана асқан жаста болса керек. Осы сапарда Бекмырзаның Алла бұйырған ажал сағаты жетіп, шейіт болады. Ал оның зәмзәм суы және басқа да заттар салған сандығын елге Ыбырай мен қасындағы жігіт аман-есен жеткізіп, ұрпағы Жантілеудің үйіне тапсырады. Содан бері бұл сандық ғасырдан артық уақыт бойы Құлеке батыр ұрпақтарының бастан кешкен оқиғаларының куәсі болып тұрған.

Жуырда осы сандықты Жантілеудің немересі Мұрат ақсақал өз қолымен Қызылжардағы Ислам мәдениетінің музейіне тапсырды.

 

ПЕТРОПАВЛ