2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы ІІІ Жазғы Азия ойындары 22-31 қазан аралығында Бахрейннің астанасы – Манамада өтетін болды. Жарыста жеңіл атлетика, бадминтон, баскетбол (3x3), ат спорты, киберспорт, муай-тай, гольф, гандбол, дзюдо, джиу-джитсу, аралас жекпе-жек, велоспорт, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, триатлон, күрес, ауыр атлетика, кабадди, волейбол, текбол, жағажай волейболы секілді 14 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Бұл бәсекелерде 14-18 жас аралығындағы жеткіншектер бақ сынайды. Естеріңізге сала кетейік, жазғы Азияданың алауы алғаш рет 2009 жылы Сингапурде тұтанса, одан кейінгі доданы 2013 жылы Қытайдың Нанкин қаласы қабылдады. Биылғы жарыс әу баста Ташкентте ұйымдастырылады деп жоспарланған еді. Кейіннен Өзбекстан жағы жарысты өткізуден бас тартты.
Мысырдың Хургада қаласында әртістік жүзуден өткен Әлем кубогінде Эдуард Ким қола медаль иеленді. Техникалық бағдарламада өнер көрсеткен ол 211,2383 ұпай жиды. Жерлесіміз қытайлық Ме Го (224,5450 ұпай) мен ұлыбританиялық Ранжо Томблиннен (218,7650 ұпай) ғана қалып қойды. Жарыста Алдияр Рамазанов алтыншы орынға табан тіресе, Виктор Друзин сегізінші сатыға жайғасты.
Танымал латвиялық маман Леонид Тамбиев келесі айда шайбалы хоккейден Швеция мен Данияда жалауы желбірейтін әлем чемпионаты қарсаңында еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Олег Болякиннің көмекшісі болып тағайындалды. 54 жастағы Балтық жағалауының өкілі әр жылдары бірқатар мемлекетте жаттықтырушылық қызмет атқарды. Кезінде Қарағандының «Сарыарқасының» бас бапкері де болды. Бұл күндері Тамбиев Владивостоктың «Адмиралын» жаттықтырады.