Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті ашық сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысы Жоғарғы соттың Youtube арнасынан тікелей эфирде онлайн көрсетілуде, деп жазады Egemen.kz.
Кезекті сот отырысы куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алудан басталды. Куәгер сот отырысында аудармашының көмегіне жүгініп, орыс тілінде жауап берді.
Сот барысында Эльмира Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауабы мен жәбірленуші Нұрымовпен беттесуі көрсетілді.
Куәгер Нұрбекованың тергеу және сот отырысындағы жауаптарында қарама-қайшылық болғанына байланысты қойылған сауалдарға куә «сол сәтте шок жағдайында болдым» деп жауап берді.
«Екі күн қатарынан ұстады. Су, тамақ ішпедік. Бізден екі күн бойы 100-ге жуық адам жауап алды. Мен жауапты орысша бердім. Олар қазақ тіліне аударды. Мен ол кезде қол қойып, үйге қайтуды ғана ойладым», деді куәгер Эльмира Нұрбекова.
Қазір сотта куәгердің оқиға орнында берген жауабы көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, Шерзат Полаттың өліміне байланысты істе 9 айыпталушы бар. Сот отырысы 29 сәуір күні де онлайн көрсетіледі.