2025 жылдың 26 сәуірінде Хиуа қаласында «Жаңа Өзбекстандағы бақсы өнері: заманауи зерттеулер және перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен «II Түркі әлемі мәдениет форумы» өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форумда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны, жылы қабылдау мен көрсетілген қонақжайлық үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке және Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігіне алғысын білдірді.
Өз сөзінде Ақтоты Райымқұлова Өзбекстанның жақын арада Түркі мәдениеті және мұрасы қорына толыққанды мүше ретінде қосылатыны туралы ризашылығын білдіріп, былай деп атап өтті:
«Бұл қадам түркі әлеміндегі интеграцияны тереңдетіп, ғылыми, мәдени және ағартушылық бағыттағы бірлескен бастамалар үшін жаңа көкжиектер ашатын маңызды кезең болады».
Форум қатысушыларына Қордың түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту бағытында жүзеге асырып жатқан негізгі жобалары таныстырылды. Басым бағыттар қатарында – түркі халықтары фольклорының антологиясын әзірлеу, көптілді цифрлық мұра каталогын жасау, халықаралық конференциялар мен көрмелер ұйымдастыру, қайта қалпына келтіру жобаларын қолдау және Түркі мәдениеті мен мұрасы орталықтарын құру ерекше атап өтілді. Қор Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігінің қолдауымен осындай орталықтардың бірін Ташкент қаласында ашуға дайын екенін мәлімдеді.
Ақтоты Райымқұлова бұл іс-шараның бақсы өнерін ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеуге ғана емес, сонымен қатар түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және рухани байланыстарды кеңейтуге бағытталғанын ерекше атап өтті.
Айта кету керек, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Форумға Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі, Қырғыз Республикасының мәдениет министрінің орынбасары, сондай-ақ ICESCO, TÜRKSOY, TÜRKPA, Түркі Академиясы секілді халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, белгілі ғалымдар, фольклортанушылар, бақсылар, түркі әлемінің мәдениет қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.