Күту... Өміріміздің көп бөлігі күтумен өтеді. Таңның атқанын күтесің. Кофенің қайнағанын күтесің. Жаңбырдың тоқтағанын күтесің. Махаббатыңды күтесің. Балаңды мектептен күтесің. Жұмыс күнінің аяқталғанын күтесің. Бәрін-бәрін күтесің. Ал өлім жазасына кесілген адам бір-ақ нәрсені күтеді.
Француз философы Альбер Камюдің «Бөгде» повесіндегі мына жолдарға назар аударайық:
«Ашу-ызаның алапат екпіні мені аурудан айықтырып, үміттен де арылтып, жұмбақ нышандар мен жұлдыздарға толы осынау түннің алдында әлемнің үнсіз енжарлығына қарсы ең алғаш ақтарылып, шешіліп отырмын. Ол да маған бауырым сияқты ұқсас, сондықтан да өзімді бақытты сезінгенмін, қазір де бақыттымын. Барлығы да шапшаң бітіп, жалғыздықтан жапа шекпеуім үшін бір ғана тілейтінім – мені жазалап өлтірер күні көрермен көбірек жиналып, олар мені өшпенділік айқайымен алқаласа екен».
Бұл кісі өлтіріп, оған жаны түк те түршікпеген Мерсонның өлім алдындағы соңғы ойлары.
Ал енді жазушы Қайсар Әлімнің «Атылуын күткен алты күн» романындағы өлім жазасына кесілген алашордашы Сейдәзім Қадырбайдың соңғы сәті былай суреттеледі:
«Мылтық гүрсілінен қарқылдай жанталасқан қара қарғалар Воронеж аспанын жауып тастағандай еді. «Қызбелім! Отаным! Алашым!» деп жүректен ақтық рет суырылған жалынды сөздер сол қара қарғаларды түре қуғандай еді. Бір оқтық Өмір қас қағымда мәңгілік Өмірге айналып жүре берді...».
Адам өлер алдында жүректегі сөзін айтады. Мерсо – өмірден мән көрмеген жан. Сондықтан ол – үмітсіз. Қазақ «үмітсіз – шайтан» дейді. Ал Сейдәзім бақиға үмітпен аттанды. Үмітінің ұстыны үшеу: туған ауылы Қызбел, өзінің қазақ халқы және мемлекеті. Әзірейілдің демі өңменінен өтіп тұрған кезде-ақ Сейдәзім жанының о бастан өзінікі емес, елінікі екенін білген. Ер ел үшін туады, ел үшін өледі. Мерсо дүниеге не мақсатта келгенін ұқпаған һәм алда не күтіп тұрғаны оны алаңдатпайды. Ол бәрінен бөгде. «Бөгделік дегеніміздің өзі – бір адамның екіге жарылуы, яғни «мен» және «мен емес». Бөгде адам санасы «мен еместе», дейді пәлсапашы Ғарифолла Есім. Ал Сейдәзімнің «мені» – халық. Ол халық атынан сөйлейді, халық үшін күреседі, халық болып өмір сүреді. Бұл қадым заманнан бергі халықтың біртұтастығын сақтап келе жатқан қазақтың төл түсінігі.
Романның басты кейіпкері Сейдәзім Қадырбай – Торғай өңіріндегі Алашорда қозғалысының қайраткері. Ол алғашқылардың бірі болып заңгерлік білім игерген азамат. Иә, алаштықтар хақында жазылған еңбектерде Сейдәзім Қадырбайдың есімі аталса да, оның өмір тарихы мен мұрасына қатысты кең көлемді ақпарат аз кездеседі. Алайда Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Дулатованың «Арыстың бірі – Сейдәзім» атты естелігінде Сейдәзімнің кісілік келбеті, азаматтық ұстанымы, кәсіби біліктілігі туралы жазбалар біраз жайды аңғартады. Онда Сейдәзімнің әкесі Құлмағамбеттің Міржақыппен мүдделес, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен пікірлес болғандығы жөнінде айтылады:
«...Сейдәзім аға 1913-1918 жылдары Орынборда заң саласында ірі басшылық қызметтер атқарды. Ол сондағы «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсыновпен аға-інідей сыйласты. Ал менің әкем Міржақыппен екеуі жастайынан бірге өскен, бірге оқыған, саналы ғұмырында сыйлас, мүдделес болған жандар еді. Түйдей құрдас әрі жерлес, бір-бірінің қадіріне сондай жетік олар туыстан бетер сыйласатын», деп жазады асылдың сынығы.
Жалпы Қайсар Әлім шығармашылығының алтын арқауы – Алаш идеясы. Ол осы тақырыпта жүйелі зерттеу жүргізді, танымдық мақалалар жариялады. Қайраткерлікпен де айналысты. Қиырдағы Карелияның Сосновец кентінен қабірі табылған Міржақып Дулатұлының сүйегін елге әкелу мәселесін көтерді. Сол себепті Алаш тақырыбымен жете таныс Қайсар Әлімнің Сейдәзім Қадырбайұлы туралы қалам тербеуі, оны көркем шығарма кеңістігінде көрсетуі әбден орынды.
Романның сюжеті Сейдәзім Қадырбаевтың атылуына бес күн қалған кезінен басталады. Алайда оны кейіпкер білмейді де, сезбейді. Осы арқылы автор оқырманын алдағы сұмдықтан хабардар етіп, ал басты қаһарманын одан беймағұлым ету арқылы шығарманың ішкі кернеуін күшейте түседі. Сейдәзімге өткен өмірін еске алғызады. Оқуға түскен оқиғасын, алаштықтармен алғашқы байланысын, тыңшылардың тіміскі әрекеттері мен жендеттердің құқайын... Бәрін-бәрін санаға салып, сарапқа түсіреді. Осылайша көркем шығарманың ішіндегі уақытты ойната отырып, оқырманын әрі-сәрі қылады. Ақырында шығарма желісін бастапқы нүктеге бір-ақ әкеліп, сюжеттің шеңберлі құрылымында шеберлік танытады.
Иә, өз ажалына «келсең кел» деп қаймықпай қарсы тұрған Сейдәзімнің мінезі романда анық аңғарылады. Себебі ол өзі үшін емес, халқы үшін өмір сүрді. Сондықтан ол соңғы сәтін қорқынышпен емес, үмітпен күтті. Ол үміт туған елінің азаттығы мен тыныштығы еді.