Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында көкпар өткізуге арналған жаңа спорт алаңы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорының демеушілігімен, «Қызылша жер» компаниясының ұйымдастыруымен ашылған заманауи спорт алаңы жергілікті тұрғындар мен спортшылардың бас қосатын орталығына айналмақ. Бұл - ұлттық спорт түрлерін дамыту мен ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа нысан 300-ден астам көрерменге арналған. Ашылу рәсімі аясында қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптеу және жас спортшыларды қолдау мақсатында аймақтық көкпар турнирі ұйымдастырылды.
Заманауи талаптарға сай салынған трибунада көрермендерге арналған ыңғайлы орындар қарастырылған, спортшылар үшін барлық жағдай жасалып, жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым орнатылған.
«Белбасар ауылындағы көкпар турнирі мен жаңа стадионның ашылуы ұлттық рух пен спорттың тоғысқан айшықты сәті. Біз үшін мұндай жобалар тек спорт нысанын салу емес, ауыл жастарының дамуына, ұлттық дәстүрдің жаңғыруына үлес қосу.
«Halyk» қорының басты мақсаты – елдің әр өңірінде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртып, халықтың өмір сапасын арттыру. Көкпар сияқты ұлттық спорт түрлерін қолдау арқылы біз жас ұрпаққа отансүйгіштік пен бірлік рухын сіңіруге тырысамыз», дейді «Halyk» қорының Басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Ашылу рәсіміне даңқты көкпаршы, КСРО чемпионы Әбілхан Дәуілбаев, меценат әрі Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев, сондай-ақ өңір әкімдігі мен «Halyk» қорының өкілдері қатысты. Қонақтар жаңа спорт нысанының маңызын атап өтіп, ұлттық дәстүр мен спортты дамыту жолындағы осындай игі бастамаларға жылы лебіздерін білдірді.
«Бүгінгі шара ұлттық рухтың, бірліктің айғағы. Осындай игі істерге ұйытқы болып жүрген Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорына ауыл атынан алғысымды білдіремін. Бұл – спортқа ғана емес, жастардың намысы мен жігерін оятуға бағытталған үлкен қолдау», деді даңқты көкпаршы, КСРО чемпионы Әбілхан Дәуілбаев.
Бап пен бақ сынасқандар
Белбасардың көк шалғынында өңірдің мықты сегіз ұжымы бап пен бағын сынға салды: Мерке құрамасы, Белбасардың «Аманаты», «Бірлес – Әулиеата», сондай‑ақ «Тәтті», Т.Рысқұлов, «Ақсу», «Балуан Шолақ» және «Шу» командалары әр шабуылда аламан айдынын от қылып, көкпардың көркін кіргізді. Бас төреші Қуан Құрамаев тартыстың тағдырлы сәттерін әділдікпен таразылап, ойынның әр сәтіне дем берілді.
Мерей тұғырының биігіне Мерке құрама командасы көтеріліп, 3 миллион теңгелік бас жүлдені еншіледі. Белбасардың мәрт намысын арқалаған «Аманат» күміс жүлдеге лайық деп танылып, 2 миллион теңгеге ие болды. «Бірлес – Әулиеата» намысты қолдан бермей, қола жүлдені 1 миллион теңгемен түйіндеді.
Ұлттық спортты асқақтату
Белбасардағы бұл ұлы думан - ұлттық салт-дәстүрді тірілткен, елдіктің еңсесін көтерген шынайы рух мерекесі. Осындай игі іске мұрындық болған Halyk қайырымдылық қоры ұлттық спортты жаңа сапаға көтеріп, өңірлік инфрақұрылымды нығайтуға тың серпін берді. Halyk қорының қамқорлығымен өткен бұл турнир қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.