• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:55

Alatau City өңірлік дамудың қуатты хабына айналады

10 рет
көрсетілді

Кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың қатысуымен Парламент палаталарының бір­лес­кен отырысы өтіп, алқалы жиын­да «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конс­ти­туциялық заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды. Оты­рыстың күн тәртібіндегі осы жал­ғыз әрі негізгі мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндама жасап, депутаттар алдында бола­шақ смарт қаланың тынысын аша­тын заң жобасын таныс­тырды.

Әлемдік тәжірибе ескерілген

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес әзірлегенін айтты. Сондай-ақ бұл заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделгенін, оның негізгі мақсаты Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.

Қанат Алдабергенұлының айтуынша, жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын жылдамдату үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімін конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген. Осыған сәйкес, мемлекет Алатау жобасын дербес экожүйе ретінде қарастырып отыр.

Қанат Бозымбаев заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылғанын айтты. Олар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп шыққан.

«Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Оңтүстік Корея), сондай-ақ Синга­пур, Дубай және Доха сияқты қалалар­дың тәжірибесі қарастырылды. Халық­аралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді инс­ти­туционалдық орта атқарады. Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі – бұл өңірлер­де жергілікті әкімшіліктерге кең өкілет­тіктер берілген. Олар салық режім­дерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімші­лендіреді және инвестициялық қолдау­ды басқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орта­лық органдар­мен функциялары қайта­ланбайды. Хайнань провинциясы одан да кең эконо­микалық өкілеттіктер алды. Осы жыл­дан бастап Хайнань жаңа сауда және ин­вес­т­ициялық хаб ретінде жарияла­нды», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осыларды ескере отырып, Үкімет Алатау қаласында да әкімшілік салық режімдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отыр.

Сондай-ақ Үкімет Алатау қаласын дамытуға қатысты заң жобасын әзірлеуде әлемдік бизнес пен туризмнің қайнаған ошағына айналған Дубай қаласының да тәжірибесін сырт айналмапты. Себебі Дубайдың арнайы экономикалық аймағының тәжірибесі бір орталықтан мемлекеттік қызметтерді, бақылауды және әкімшілендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тетік бизнес-лицензияларды беруді де қамтиды.

Ал Сингапур тәжірибесі ұзақмер­зім­ді 50 жылға дейінгі стратегиялық құжаттардың маңыздылығын көрсетіп отыр. Сондықтан Қ.Бозымбаев Алатау қаласының да стратегиялық құжаттары ұзақ кезеңге арнап қабылдануға тиіс екеніне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай құжаттарға кемінде 5–10 жыл өзгеріс енгізілмеуі қажет. 

Құқықтық мәртебенің қажеттілігі

Баяндамашы оң тәжірибеге ғана емес, сонымен бірге сәтсіз мысалдарға да талдау жасады.

«Кейінгі 10 жылда әлемде инвести­ция­лар, инновациялар және технология­ларды тарту үшін мыңнан астам арнайы әкімшілік және экономикалық аймақ құру жарияланды. Бұл қалалар немесе аймақтар арасындағы бәсекелестік күн сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда құрылған аймақтардың шамамен 60%-ы сәтсіз аяқталды», деді вице-премьер.

Мәселен, Таяу Шығыс пен Азиядағы жобалардың сәтсіз жүзеге асырылуына құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, басқарудағы бюрократия, инфрақұрылымды дамытуға қаржы­ның жетіспеушілігі, тәуелсіз сот жүйесі­нің әлсіздігі, құзыретті органдардың жария­ланған салық жеңілдіктерінен қайта бас тартуы және жер учаскелерін инвес­торлар мүддесіне әділетсіз алып қою мәселелері негіз болған.

Қ.Бозымбаев осындай себептерді назардан тыс қалдырсақ, инвесторлардың Алатаудың маңына жоламау қаупі бар екенін жеткізіп, заң жобасын дайындау кезінде аталған тәжірибелер мен қоры­тындыларды толық ескеру өте ма­ңызды екеніне тоқталды. Себебі бүгінде Алатау құрылғаннан бастап инвесторлар қаланың әлеуетіне үлкен қызығушылық танытып отыр екен.

«Қазірдің өзінде жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын алғашқы 44 инвестициялық жоба қалып­тастырылып және 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл қаланы ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды. Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компания­лар «Mars», «PepsiCo», «Hyundai Green Food», «Envision Energy», «Khan Tengri Biopharma» және екі индустриялық-логистикалық хаб, сондай-ақ «ASP Аrena, «К-Park» сияқты туристік жобалар кіреді», деді Қанат Алдабергенұлы жалпы отырыста.

Сонымен бірге заманауи «Iconic Complex» көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореяның жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттарын енгізу бойынша стратегиялық жобалар іске асырылмақ.

Вице-премьер қаланы инфрақұры­лыммен қамтуды кезең-кезеңмен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жос­пар бекітілгенін атап өтті. Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халық­аралық сарапшылардың болжамы бо­йынша 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға дейін жетеді деп күтіліп отыр.

Баяндама барысында заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталған Үкімет басшысының орынбасары Қ.Бозымбаев Президенттің бұл қалаға ерекше құқық­тық мәртебе беруі артықшылық емес, қажетті құрал екенін атап өткеніне мән берді. Ұсынылып отырған заң жобасы осы қағидатқа негізделіп отыр.

«Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режім қа­лып­та­сады. Ол кәсіпкерлік қызмет­тің негізгі бағыттарын қамтиды. Нәтиже­сінде Алатау жаңа басқару және техноло­гиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналады», деген Қ.Бозымбаев Алатауда сынақ­тан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де таралуы мүмкін екенін атап өтті. 

Жедел өркендеудің жеті бағыты

Баяндамашының айтуынша, Алатау қаласында салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.

Атап айтсақ, біріншіден, Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер-министр басқара­тын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеу­меттік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді.

Екіншіден, заң жобасында инвес­тициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режімнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқығы халықаралық деңгейде қорғалады.

Үшіншіден, салықтық преференциялар басым салалардағы жаңа инвес­тициялық жобаларға ғана беріледі.

Төртіншіден, Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдар­ламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақмерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады.

Бесіншіден, қаланың ұзақмерзімді инвестициялық дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді, олар – 30 жылға арналған ұзақмерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мас­тер-жоспар. Инвесторлар үшін тұрақты­лық­ты сақтау мақсатында аталған құ­жат­тарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді.

Алтыншыдан, жер қатынастары арнайы режім арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады. Бұл страте­гиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады.

Жетіншіден, қала бастапқыда «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Яғни барлық негізгі қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режімдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды.

«Ұсынылып отырған Конституция­лық заң жобасы Алатау қаласында халық­ара­лық деңгейде бәсекеге қабілет­ті юрисдикция қалыптастыруға бағыт­талған. Аталған тәсілдер экономи­ка­лық өсімді жеделдетуге, технологиялық дамуды күшейтуге және жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді», деді Қ.Бозымбаев. 

Инвестициялық кезеңнің негізгі бағыты

Сенат депутаты Серік Шайдаров заң жобасын талқылау барысында жобаны іске асыруға дұрыс көзқараспен қараған кезде Alatau City бүкіл өңірдің экономикасын қайта жандандыруға қабілетті қуатты хаб бола алатынын атап өтті. Дегенмен, барлық ерекшелікті ескеріп, халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу мен одан сабақ алу аса маңызды.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­­тіл­ген отырысында Алатау қаласы жаңа ин­вес­тициялық кезеңнің негізгі жоба­сы болуға тиіс, бұл капиталды тарту үшін теңдесі жоқ жағдайлар жасауды, про­грессивті реттеуші режім орнатуды, озық инновациялық шешімдерді енгізуді, өмірдің барлық саласында жасан­ды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалануды білдіреді деп атап өтті. Осыған байланысты жобаны жүйе­лі әрі тиімді іске асыруға кедер­гі кел­тіруі мүмкін барлық факторды еске­ру қажет. Бұл аса маңызды міндет», деді ол.

Сенатор осыған байланысты жер қатынастары саласындағы проблема­ларға, оның ішінде заңсыз құрылыс салу мен жер учаскелерін өз бетінше басып алуға, жер учаскелерін беруде біркелкі болуды талап ететін аяқталмаған рәсім­дерге ерекше назар аударды.

«Жалпы, Алатауды дамыту негізінен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектордың инвес­ти­ция­лары мемлекетке немесе квази­мем­лекеттік ұйымдарға тиесілі көлік, ком­муналдық, энергетика және әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту мақ­сатында ғана бағытталуға тиіс. Осыған байла­нысты қаланы басқару органдары, әкім­шілік пен әкімдіктің алдында бюд­жет қаражаты мен тартылған инвес­ти­ция­­ны тиімді пайдалану бойынша бірінші кезектегі міндет тұр», деді С.Шайдаров.

Қабылданған қадамдар инновацияға бағдарланған ұлттық экономиканың орнықты өсуін ынталандыруға, жоғары технологиялық салаларға инвести­ция тартуға және Алматы агломерация­сының жинақталған әлеуеті негізінде іскерлік және инновациялық белсенді халық­аралық маңызы бар өңірлік орталығын қалыптастыруға бағытталған. 

Жоба – еліміздің келешек кескін-келбеті

Отырыста Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы шаһардың тұрақты өсуі мен дамуы үшін жетілдірілген құқық­тық, ұйымдастырушылық, экономи­калық жағдайлар жасау мақсатында әзірлен­генін атап өтті. Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімі» бекі­тіл­генін, бұл инвесторларға қолайлы жағдай жасайтынын нақтылады.

«Осыған байланысты, біріншіден, қаралып жатқан Конституциялық заң жобасына сәйкес Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру – оның қарқынды экономикалық дамуы үшін жаңа тәсіл. Бұл цифрландыруға, тікелей инвести­ция тартуға, инновацияларды енгізуге және заманауи қалалық орта қа­лып­тастыруға бағытталған «ақылды қала» болмақ. Екіншіден, заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалып­тастыруды көздейді», деді Н.Сабильянов.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева талқыланып отырған заң жобасы жай ғана құжат емес, еліміздің келешек кес­кін-келбеті екенін айтты. Жаңа Конс­ти­­туция­мыз арнаулы құқықтық режім­дерді экономика драйвері ретінде пайда­лану үшін іргетас қалағанын, Алатау қаласы осы стратегияны іске асыру жо­лын­дағы алғашқы көлемді қадам екенін атап өтті.

«Мен Алатауды үлкен болашақ күтіп тұр­ғанына сенемін. Неге? Өйткені жоба­ға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың ауқымы орасан. Қаланың айрықша мәртебесі белгіленді, оның қызметі Үкімет тарапынан тікелей қадағаланады және кепілдендірілген басым қаржыландыру көзделген. Жалпы инвестициялық әлеуеті 2050 жылға дейін 10 триллион теңге деп бағаланып отыр, оның ішінде алғашқы триллион теңгенің жобалары белсенді кезеңде игеріліп жатыр», деді депутат.

Отырыс барысында сенаторлар Бекбол Орынбасаров, Әлібек Нәутиев және басқалар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Парламент Палата­лары­­ның бірлескен отырысында екінші оқы­лымды өткізу 27 наурызға жоспар­ланған. Заң жобасын наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысының қарауына енгізу көзделіп отыр.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»