Шалқар қаласының жасы үлкен тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Күнімхан Үргенішбаева — он саусағынан өнер тамған ісмер әжелердің бірі. Кезінде қолөнерге пайдаланған құрал-саймандары бүгінге дейін ұқыптылықпен сақталып, немере-шөберелеріне мирас болып отыр.
Күнімхан әже – екі ғасыр куәгері. Сондықтан да әр сөзін сабырмен бастап, бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік айтумен отырады. Төскейдегі Ырғыз өлкесінде дүниеге келген кейіпкеріміздің әкесі Кәдір Әлдебергенов өз дәуірінде ұстаздық жолды таңдаған, көзі ашық азаматтардың бірі болған екен. Өкінішке қарай, 1937 жылы репрессияның қатыгез құрығына ілігіп, тар қапасқа қамалып, өмірден өтеді.
Әкеден ерте айырылған Күнімхан анасы Бибіжанның тәрбиесінде өсіп, тағдырдың ауыртпалығын мойымай көтереді. Бұғанасы бекімей жатып, түздегі еңбек майданына араласып, шыңдалады. Есейе келе Шалқар өңірінің тумасы Сидақ Үргенішбаевпен отау құрып, екеуі Тоғыз кеңшарында ұзақ жыл бойы мал бағып, адал еңбектерімен аға шопандыққа дейін жетеді. Кеңшардың тынымсыз тіршілігімен қатар Күнімхан әже үйде қолөнермен де айналысады. Термелі алаша, ши тоқып, қалауыш киіз басып, тұрмысқа қажетті бұйымдардың көбін өз қолымен жасайды.
Өткен ғасырдың орта шенінен ауа Сидақ ақсақал екеуі аудан орталығы Шалқарға қоныс аударады. Жылдар бойы кеңшар малының соңында қыстау мен жайлаудың арасында көшіп-қонып жүрсе де жанына жақын іс-құралдарын ешқашан тастамаған. Сол жинақылығының арқасында бүгінге дейін жеткен бұйымдары қара шаңырағына ескіліктің көзіндей сән беріп тұр. Үлкен тас диірмен, келі мен келсап, тоқылған ши-шытпалар, өрнекті киіздер – бәрі де қарт ананың он саусағының табын сездіреді.
Солардың қатарындағы жылқының жалы мен құйрық қылынан есілген қыл шылбыр ерекше назар аудартады. «...Қайраты оның – қыл шылбыр, қырқылмайтын – бір шынжыр» деп Фариза ақын төзімділігін жырға қосқан қылдан есілген арқан-жіп қазіргі тұрмыста сирек кездеседі.
Этнографиялық деректерге сүйенсек, қыл шылбырдың салттық өмірімізде де, көшпелі дала мәдениетінде де маңызы жоғары. Жылқы қылынан есілген шылбыр ертеден малды байлауға, жетектеуге арналған өте берік әрі төзімді бұйым ретінде бағаланған. Таза қылдан есілген арқан-шылбыр созылмайды, ылғалға да, күннің ыстығына да төзімді келеді.
– Бұрын күнделікті мал шаруашылығына қажет болғандықтан, жылқының жалы мен құйрық қылынан жіп есіп ала беретінбіз. Оны бірақ кез келген шаруаға қолданбайды, көбіне ат әбзелдеріне пайдаланады. Қылға қойдың немесе түйенің жүнін қосып, атқа ноқта, шылбыр жасаған, түйенің бұйдасына пайдаланған, арқан-жіп ескен. Негізінен қыл шылбыр ұстау – ер-азамат үшін үлкен мәртебе болған. Бұрын үлкендеріміз атпен жолға шыққан жолаушыны қыл шылбыры бәле-жаладан қорғайды деп айтатын. Далаға түнегенде адам өзін айналдыра қыл шылбырмен қоршап тастаса, жылан, т.б жәндіктер жоламайды дейтін, – дейді қарт ана.
Қыл арқан есу үшін алдымен адамға ептілік керек. Әр қылды бір-бірімен ұштастырып ұзартып, жеке өрім етіп ширатып алу төзімді талап етеді. Соңында сол ширатылған үш-төрт тілше, жіп тәрізді біріктіріліп, есіледі.
– Мына он құлаш шылбырды ескеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Алдымен тілше жіптерін ширатып алып, оны немерелеріме ұстатып қойып, есіп шықтым, – дейді кейуана.
Тоқсанды еңсерген Күнімхан әже бүгінде алтын құрсағынан өрбіген 10 баласынан 25 немере, 49 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. Мәуелі бәйтеректей жапырағы жайылған ананың жеке төлқұжаты оның 1928 жылы дүниеге келгеніне куәлік етеді. Ғасыр жасаған қарт ананың қайраты кемігенімен, зердесі сол қалпында сақталған. Ақ жаулықты кейуана әңгімесін әріден бастап, өткеннің өнегелі сырларын толғай жөнеледі.
Дәуірлер сапырылысып, кезеңдер алмасқанымен, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптар халық санасынан өшпеуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Күнімхан әженің ұзақ жыл бойы сақтап келген бұйымдарына бүгінде немересі Арайлым Серікқызы жаңаша реңк беріп жүр. Фотостудия ісін қолға алған немере әжесі қолданған бұйымдар мен қолөнер туындыларын шағын студиясына декорация ретінде орналастырып, ескілік пен жаңашылдықты заманауи фотоөнер арқылы үндестіріп келеді.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
өлкетанушы
Ақтөбе облысы,
Шалқар қаласы