Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған іс-шаралар легі Өскеменде жалғасып жатыр. Кеше Арбатта «Jan ana» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүр дәріптеліп, мерекелік концерт болды.
«Jan ana» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын 2019 жылы ерікті аналар тобы ретінде бастаған. Бүгінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағыт-бағдар беріп, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады.
Биыл да дәстүрді дәріптеу үшін Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше іс-шара ұйымдастырып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Айта кетейік, қоғамдық бірлестік облыс көлемінде, әр ауданмен жұмыс жүргізеді.
«Қатарымызда көпбалалы аналардан бөлек, ақжаулықты әжелер де бар. Бүгінгі іс-шараға Ұлан ауданының «Асыл әжелер» тобы белсене қатысып жатыр. Бізде тігін цехы жұмыс істейді. Көрмеге сол цехтан, яғни біздің бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан ұлттық киімдер, бұйымдар қойылды. Қоғам жанашыры әрі ана болғандықтан, ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпаққа дәріптеу – біздің міндет», деді қоғамдық бірлестік жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.
Салтанатты іс-шарада ән шырқалып, жиналған көпшілік би биледі. Сондай-ақ қонақтар сәбиді бесікке бөлеу рәсімін көріп, әжелердің ұршық иіргенін, ұлттық киімдер дефилесін тамашалады.
«Халықты қолөнермен, ұлттық киімдерімізбен таныстырып, салт-дәстүрден үзінді көрсетілді. Ежелгі дәстүрден басталған дүние, ата-бабамыздан қалған өсиет өз сабақтастығын табуы керек. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор», деді Ұлан ауданынан келген Гүлзиға Рахымқалиқызы.
Әжелердің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара көптің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді.
ӨСКЕМЕН