Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында биыл елімізде Наурыз жаңаша сипатта тойланып жатыр. Соның айқын көрінісі – «Digital Nauryz» бастамасы. Бұл жоба арқылы Наурыз алаңдағы думанмен ғана шектелмей, онлайн әлемге де көшті. Виртуалды киіз үйлер, цифрлық көрмелер, ұлттық ойындардың мобильді нұсқалары, тіпті жасанды интеллект көмегімен жасалған интерактивті контент – жаңа форматтағы мерекенің көрінісі. Әсіресе жастар үшін бұл – дәстүрді танып-білудің қызықты жолы.
«Digital Nauryz» бастамасының тағы бір ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды жаһандық аудиторияға таныту мүмкіндігі. Шетелдегі қандастар мен өзге ұлт өкілдері де қазақтың салт-дәстүрімен онлайн танысып, мерекелік іс-шараларға қатыса алады. Осылайша, цифрлық шешімдер арқылы Наурыздың мазмұны тереңдеп, ауқымы кеңейе түсті. Бұл – технологиялық жаңашылдық қана емес, ұлттық мәдениетті жаңа деңгейге көтерудің бір жолы.
«Digital Nauryz» платформасы мемлекеттік «GOV.KZ» порталы негізінде іске қосылып, мерекенің іс-шарасын бір жерге шоғырландырды. Яғни еліміздің әр өңіріндегі концерт, көрме, кездесулер мен форумдар бір цифрлық кеңістікте ұсынылып, тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл – Наурызды алғаш рет толыққанды онлайн форматта тамашалауға мүмкіндік берген жоба.
Платформаның басты артықшылығы – өңірлік қамту. Сайтта еліміздің барлық облысы бойынша жеке бөлімдер қарастырылған. Соның арқасында пайдаланушы өзі қалаған қаладағы іс-шараларды көріп, уақытын жоспарлай алады. Сонымен қатар жаңалықтар, анонс-тар мен бейнетрансляциялар бір жүйеге біріктірілген. Жасанды интеллект негізіндегі автоматты аударма функциясы да енгізіліп, контентті кең аудиторияға қолжетімді етті.
«Digital Nauryz» тек онлайн платформа деңгейінде қалып қойған жоқ. Ол ел аумағындағы IT-хабтарды қамтыған үлкен технологиялық қозғалысқа айналды. Хакатондар, интерактив көрмелер мен стартап таныс-тырулар Наурыз мерекесіне жаңаша мазмұн берді.
Мәселен, Ақтауда өткен кездесуде қатысушылар жасанды интеллект көмегімен мәтін мен визуалды контент жасауды үйренсе, Атырауда ұйымдастырылған «Digital Caspian»: «GenAI Cup» байқауында өңірлік ерекшеліктерді ескерген ЖИ жобалар ұсынылды. Бұл – технологияның тек құрал емес, шығармашылық ортаға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Павлодар мен Қызылордада өткен «AI Bootcamp» бағдарламасы тәжірибелік бағытқа басымдық берді. Қатысушылар дизайн, визуалды сторителлинг және цифрлық өнім жасауды меңгерді. Ал Қарағандының Орталық саябағында дрондар тұрғындарға бауырсақ таратып, көпшілікті таңғалдырды. Сол секілді Жезқазғанда өткен воркшоп ұлттық мәдениетті нейрожелілер арқылы жаңаша бейнелеу жолдарын қарастырды.
«Digital Nauryz» кәсіпкерлікке де тың серпін берді. Ақтөбедегі «Baursaq Pitch» алаңында стартаптар өз жобаларын ұсынып, технология мен ұлттық құндылықтарды үйлестірудің жаңа үлгілерін көрсетті. Петропавлда мектеп оқушылары стартап жобаларын қорғап, жас буынның инновацияға қызығушылығы артып келе жатқанын дәлелдеді.
Шығармашылық бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Талдықорғанда роботтехника мен VR жобалары ұсынылған көрме ұйымдастырылса, Шымкент пен Семейде жасанды интеллект көмегімен 3D модельдер жасау және цифрлық өнер бойынша шеберлік сабақтары өтті. Ал Тараз бен Түркістанда технология мен дәстүрдің болашағына қатысты пікірталас өрбіді.
Бұл бастаманың ауқымдылығы оның ұйымдастыру деңгейінен де байқалады. Барлық іс-шара «Astana Hub» экожүйесіне кіретін аймақтық IT-хабтар базасында өтіп жатыр. Бүгінде бұл орталықтар тек білім алаңы ғана емес, стартаптар мен инновациялық жобалардың өсіп-өркендейтін ортасына айналып отыр.