• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2025

Шұңқырға құлаған баланың өліміне кінәлі шенеуніктер жазаланды

40 рет
көрсетілді

Шымкентте Тұран-1 шағынауданында шұңқырға құлап, суға тұншығып өлген 7 жасар баланың өлімінен кейін Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов орнынан босатылды. Оның орнына 35 жастағы Алмас Абаев әкім болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Р.Мүлкеманов бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарып келген.

Сонымен бірге қайғылы оқиғаға байланысты бірнеше лауазымды тұлғалар жазаланды. Атап айтқанда Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына қатаң сөгіс берілсе, осы салаға жауапты қала әкімінің орынбасары сөгіс арқалады.

Мұнан өзге жұмысына салғырттық танытып соның салдарынан өлімге себепкер болғаны үшін 2 кәсіпкер қамауға алынды. Шымкент қалалық полиция департаменті осыған қатысты мынадай ресми мәлімдеме жасады.

«12 сәуірде Қаратау ауданы аумағында қоршалмаған, суға толы шұңқырдан 7 жасар баланың өлі денесі табылған болатын. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында екі мердігерлік компания құрылыс жұмыстары барысында қауіпті аумақты қоршау және ескерту белгілерін қою бойынша міндеттерін орындамағаны белгілі болды. Полициямен аталған компаниялар басшылары адам өліміне әкеп соққан құрылыс қызметі саласындағы нормативтердің талаптарын бұзғаны үшін ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жұмыстары жүргізілуде. Полиция мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады».

Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың мәлімдеуінше қазір әкімдік демеушілер есебінен шұңқырды бекітіп орнын жөндеуге шұғыл кірісіп жатыр.

«Шұңқыр тұрған аймақ Тұран-1 шағынауданындағы ең ойпаң жер. 2018 жылғы конкурс бойынша ол жерден жол түсуі керек еді. Алайда «Ақжол» мердігер компаниясы жұмысты дұрыс атқармай, соның кесірінен аталған аумақта жаңбыр суы толып қала беретін. Оған қоса сол аймақтан өткен кәріз жүйесінің де суы кеп қосылатын. Сапасыз қызметіне байланысты жол істеуші мердігер компанияның жұмысы 2021 жылы әкімдік тарапынан қабылданбайды. Сөйтеді де келісімшарт әрі қарай біреше жылға созылып кетеді. 2024 жылы да әкімдік жол сапасыз салынғандықтан оны қабылдап алудан бас тартады. Сондықтан шұңқыр пайда болға аймақтағы жол қазіргі таңда әкімдіктің балансында емес. Дегенмен коммуналдық басқарма «Ақжол» мердігер компаниясын сотқа берді. Сондай-ақ сол аумақтан кәріз жүйесін жүргізген тағы бір мердігер мекемеге қатысты сот біздің берген талап арызымызға орай оң шешім шығарды. Яғни сот кезінде кәріз жүйесін салған компанияға орын алған ақауларды өз есебінен жөндеуге міндеттеді» деді ол.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы брифингте берген мәлімдемесінде бір жыл бойы ашық жатқан шұңқыр орны бір ай ішінде қалпына келтірілетінін айтты. Сондай-ақ бұл жағдай қала әкімі Ғ.Сыздықбеков келмей тұрып болғанын еске салды.