• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Үкімет алимент борышкерлерінің жағдайын көбірек ойлап отыр - депутат

60 рет
көрсетілді

«Қазақстан халық партиясы» (ҚХП) 2016 жылдан бері алимент төлемеу мәселесін көтеріп келе жатқанын айтқан М.Магеррамов депутаттық сауалын Премьер-министрге жолдады, деп жазады Egemen.kz.

«Биыл 21 сәуірде ҚХП фракциясының бастамасымен ұйымдастырылған Үкімет сағатында осы тақырыпқа тағы жан-жақты тоқталып, қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын аударттық. Бүгінде мәселенің бар екені мойындалғанымен, Үкімет оны шешуге қауқарсыз. Бұған дейін қабылданған шаралар мәселені шешуге де, тіпті оны азайтуға да әсер етпеді», деді М.Магеррамов.

Мәжілісменнің сөзінше, ҚХП фракциясы аталған мәселені шешудің ең тиімді әрі жедел жолы – Алименттік қор құру деп есептейді. Бұл қор бюджетке ауыртпалық түсірмейді, себебі оның қаражаты салықтық емес түсімдер есебінен толтырылады. Сонымен қатар, алименттік қор борышкерлерді масылдыққа итермелемейді, өйткені қордан жұмсалған қаражат кейіннен регрестік тәртіппен борышкерден өндіріп алынады.

«Біз Үкіметтің өзіне бұл сұрақты қою керек деп санаймыз: ол борышкерлердің масыл болуынан қорқа ма, әлде алимент алмай отырған балалардың мұқтаждығынан ба? Әзірге Үкімет Алименттік қор құруға қарсы болып, борышкерлердің жағдайын көбірек ойлап, балалардың қажеттіліктерін елеусіз қалдырып отыр», деді депутат.

М.Магеррамовтың айтуынша Мемлекет жыл сайын алиментке қатысты даулы істер бойынша жеке сот орындаушыларына (ЖСО) жүздеген миллион теңге төлеп келеді.

«Біз бұл қаражатты нәтижесіздікке емес, нақты нәтижеге – балалардың қажетіне бағыттауды ұсынамыз. Бюджет қаражатын Алименттік қор арқылы тікелей балалардың қажеттіліктеріне жұмсау – әлдеқайда тиімді тәсіл болар еді», деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше алиментке мұқтаждардың арасында мүгедектігі бар балалар да аз емес.

«Мұндай балаларды тағдырдың тәлкегіне тастамай, жалғыз өзі бағып-қағып отырған ата-ананың жұмыс істеуіне де, толыққанды табыс табуына да денсаулығына байланысты шектеулер бар. Сонымен қатар, мұндай балаларға жиі медициналық тексерістер, оңалту шаралары мен ем-дом қажет болғандықтан, шығындары да көп. Осы санаттағы ата-аналар – ең алдымен мемлекеттік қолдауға зәру. Егер екінші ата-анасы көмектеспесе, мемлекет қол ұшын созуы тиіс», деді ҚХП депутаты.

Осыларды айта келе, «Қазақстан халық партиясы» депутаттары атынан келесі талаптарды айтты:

«Алименттік қордың пилоттық жобасын әзірлеп, оны жедел іске қосу. Бұл жоба – алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттары бар, бірақ алимент алмайтын мүгедек балалардың қажеттілігін өтеуге бағытталуы тиіс.

Алименттік қор қаражатынан жұмсалған шығынды өндіріп алу механизмін айыппұлдар мен өсімпұлдарды ескере отырып әзірлеу», деп түйіндеді депутат Магеррам Магеррамов.