• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Бизнес Кеше

Жастар бизнесі – үлкен аренада

70 рет
көрсетілді

Биыл елімізде ENACTUS қозғалысына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық ішінде бұл бастама мыңдаған жастың өмірін өзгертті. Кезінде жоба қорғап тұрған студенттер бүгінде табысты кәсіпкерге, қоғам көшбасшыларына айналды. Осы жылы да еліміздің 20 өңірінен 230 өтінім түсіп, іріктеу кезеңінің қорытындысынан кейін 189 команда жарысты жалғастыру құқығына ие болды.

Біреуге жай ғана көрме секілді көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде, бұл – армандар алаңы. Астанада өткен «ENACTUS Kazakhstan National Expo 2025» – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған жасқа кәсіпкерлікке қадам, өз идеясын әлемге көрсету мүмкіндігі болды.

Әлемнің 35 елінде жұмыс істейтін халықаралық бағдар­лама 50 жыл бойы студенттік кәсіпкерлікті дамытып келеді. Жыл сайын бағдарламаға 1 800 университеттен 72 мыңнан аса жас қатысады. Осы уақытқа дейін ENACTUS аясында 4 мыңнан аса жоба жүзеге асырылған. Мақсаты – кәсіпкерлік арқылы қоғамды жақсы жағына өзгерту. Еліміз де – осы қозғалыстың бел­сенді мүшелерінің бірі.

Қатысушыларды құттықтаған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұл бастаманың жастар әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды.

«30 жыл ішінде қозғалыс мыңдаған жасты біріктіріп, олардың көшбасшылық қабіле­тін ашуға, кәсіпкерлік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мемлекет ENACTUS қозғалы­сын жастардың мүмкіндігін ашу­ға, батыл идеяларын жүзеге асыруға және кәсіби мансабын сәтті бастауына жағдай жасауға бағытталған бастама ретінде қолдайды. Сіздер – жаңа буын өкілдері, еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші болып, табысты стартаптар құрып, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етесіздер», деді Е.Көшербаев.

Биылғы ENACTUS көрме­сі­не тек университет студент­тері емес, мектеп оқушылары мен колледж студенттері де жоба­­ларын ұсынды. Арнайы мек­теп­аралық чемпионат – «ENACTUS NextGen», колледж­дер арасындағы республикалық кубок, сондай-ақ 5-8-сынып оқу­шыларына арналған питчинг алаңы ұйымдастырылды.

Көрме кезінде бірнеше бағыт қатар жұмыс істеді: жастар­дың инновациялық жобалары таныс­тырылды, білім ұйымдары бағ­дарламаларын көрсетті, тұ­рақты даму мақсаттарына арнал­ған форум өтті. Бұрын ENACTUS-та болған түлектер тәжірибелері­мен бөліскен бизнес-сессиялар ұйымдастырылды.

Байқау жеңімпазы еліміз­дің атынан Таиландта өтетін «ENACTUS World Cup 2025» чемпионатына қатысады.

«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, жастарға мүмкіндік беру арқылы бүкіл қоғамды және экономиканы өзгертуге болады.

– Еліміз әлемде бірінші болып дәстүрлі студенттік бағдар­лама­мен қатар ENACTUS мек­теп бағ­дарламасын әзір­леу­ге кіріс­ті. ENACTUS, биз­нес және мем­лекет арасын­дағы тиімді ын­тымақтастық­тың маңыздылы­ғын атап өткім келеді. Мұндай ынтымақтастық­тың тек шағын бизнесті қолдау саласында ғана емес, сонымен қатар жаһандық мақсаттарда да болашағы зор. Бұл барлық тарапқа нақты пайда әкелетін бағыт, – деді Р.Баталов.