Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңіс күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, атаулы мерекенің маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл — халқымыздың отансүйгіштігі мен жауынгерлік рухының айқын көрінісі.
«Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз», деді Мемлекет басшысы.
Президент соғыс зардабы Қазақстан халқы үшін де ауыр болғанын еске салды.
«Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.