Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында мәлімдеме жасап, бұл тарихи оқиғаның ел бірлігі мен бейбітшілік құндылығын ұғынудағы ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық. Еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды», деді Президент.
Президенттің айтуынша, ел аумағында «Батырларға тағзым» атты жалпыхалықтық шеру ұйымдастырылады. Шеруге қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ата-бабаларының суреттерін ұстап, көшелермен жүріп өтеді. Бұл – тарихи жадыны жаңғырту мен жас ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын ұқтырудың маңызды тәсілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалға ерекше тоқталып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау – Қазақстанның басты мақсаты екенін атап өтті.
«Ақиқатты танымай, бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдің сыртқы саясаты ұлттық мүддені қорғауға бағытталғанын айтып, халқымыздың болмысынан бейбітсүйгіштік пен ар-намыс биіктігі көрінетінін жеткізді.