Бүгін Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде Астанада ұйымдастырылған Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шерудің тікелей эфир көрсетілімі өтті. Бұл шараға 1200-ге жуық қала тұрғыны жиналып, еліміздің басты алаңында өткен тарихи сәтке куә болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көрсетілім алдында жергілікті өнерпаздар – DDRECORDS тобы арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге патриоттық әндер арқылы көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әндер мен өнер көрсетілімдері Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, елге қызмет етудің маңызын дәріптеген.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери-патриоттық сана мен рухты қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ел қорғаны болуға деген ынтасын арттырады.
Айта кетейік, Отан қорғаушылар күні – Қазақстанның Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғап жүрген ерлердің ерлігіне тағзым ететін ерекше күн. Астанадан тікелей көрсетілген әскери шеру бұл мерекенің мәні мен маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.