Кеше кешкісін Ватикандағы Сикстин капелласында жиналған кардиналдар жаңа Рим Папасын сайлау мақсатында алғашқы дауыс беру турын өткізді. Алайда үш сағат өткен соң капелла төбесіндегі мұржадан көтерілген қара түтін – понтификтің әзірге сайланбағанын білдірді, деп жазады Egemen.kz.
Католик шіркеуінің дәстүріне сәйкес, Рим Папасын сайлау үшін екіден үш бөлігі – кем дегенде 89 дауыс қажет. Қазіргі таңда конклав жұмысына әлемнің әр түкпірінен жиналған 133 кардинал қатысып жатыр.
Ватиканның хабарлауынша, әр күні төрт дауыс беру раундына дейін өткізу мүмкіндігі бар. Келесі тур бейсенбі таңында жалғасады. Егер дауыс беру сәтті аяқталса, Сикстин капелласынан ақ түтін көтеріліп, қоңырау соғылып, жаңа Папаның сайланғанын хабарлайды. Дәстүр бойынша, сайланған понтифик бір сағат ішінде Әулие Петр алаңына қараған балконға шығып, жұртшылық алдына көрінеді. Қазірдің өзінде алаңда мыңдаған діндарлар жаңа Папаның есімін естуге жиналып отыр.
Ең ауқымды конклав
Бұл жолғы конклав Папа Франциск 21 сәуір күні өмірден өткеннен кейін шақырылды. Тарихқа көз жүгіртсек, понтифик сайлау конклавтары бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылған. Қазіргі заманда бұл үдеріс едәуір жеделдеген: 2005 және 2013 жылдардағы екі конклав небәрі екі күнде аяқталған болатын.
Айта кетейік, конклав туралы ілгерідегі мақаламызда жариялаған едік: Конклав деген не?
Биылғы конклав – Рим-католик шіркеуінің тарихындағы ең ірісі саналады. Кардиналдар коллегиясы 252 мүшеден тұрса да, дауыс беру құқығы тек 80 жастан аспаған 135 кардиналға ғана берілген. Алайда олардың екеуі денсаулығына байланысты қатыса алмады.
Конклавқа қатысып жатқан ең жас өкіл – 45 жастағы украин текті Мельбурн епископы Микола Бычок.
Сәрсенбі таңында конклав қатысушылары арнайы месса өткізіп, кейін салтанатты шеру түрінде Сикстин капелласына бет алды. Мұнда олар понтифик сайлау процесі жайлы ешбір мәліметті сыртқа шығармауға серт берді. Осыдан кейін бөтен адамдар капелладан шығарылып, дәстүрлі extra omnes («бәрі шықсын») деген сөздермен есіктер жабылды. Бұл сәт ресми түрде конклавтың басталғанын білдіреді.
Құпиялылық – басты талап
Понтифик сайлау – әлемдегі ең құпия саяси және діни процедуралардың бірі. Конклав кезінде кардиналдар сырт әлеммен толықтай оқшауланады. Олардың тұрып жатқан және жиналатын барлық бөлмелері тыңдау құрылғылары мен басқа да электрондық құралдардан толық тазартылған. Дауыс беру барысы абсолютті құпия жағдайда өтеді.
Енді қайтпек?
Бірінші дауыс беру нәтижесіз аяқталған соң, кардиналдар кешкі асқа бет алған. Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай бейресми жағдайда понтифик лауазымына үміткерлерді талқылау, пікір алмасу және ықтимал одақтастармен келіссөздер жүреді.
Бейсенбі күні таңертең қатысушылар таңғы астан кейін қайтадан месса оқып, дауыс беруді жалғастырады. Конклав алдында месса өткізген 91 жастағы кардиналдар коллегиясының деканы Джованни Баттиста Ре өз әріптестерін «бүгінгі сындарлы кезеңде шіркеуді біріктіре алатын тұлғаны» таңдауға үндеді.
«Бұл оңай міндет емес. Бірлік дегеніміз біркелкілік емес, ол – саналуандықтың ішіндегі терең рухани тұтастық», деді ол өз сөзінде.
Кардинал Ре — Ватикандағы беделді тұлғалардың бірі, бұған дейін Папа Францисктің жерлеу рәсімін басқарған. Алайда өзі 80 жастан асқандықтан, конклавқа қатыса алмайды. Дегенмен, ол дауыс берудің ерекше маңызын атап өтіп, әрбір қатысушыны жеке мүддеден жоғары тұруға шақырды.
Католик шіркеуінің тарихындағы ең ұзақ конклав 1268 жылдан 1271 жылға дейін — үш жылға жуық созылып, нәтижесінде X Григорий сайланған. Ал ең қысқа конклав небәрі 10 сағатқа созылып, 1503 жылы Папа II Юлий сайланған сәтте тіркелді.