• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 16:13

Алматының сегіз ауданында соғыс ардагерлерінің аллеясы ашылды

50 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпы қалалық науқан аясында ұйымдастырылған шара 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Оған шаһар басшысы Ерболат Досаев соғыс ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері, қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әкімі ардагерлердің туыстарымен бірге биіктігі 6 метр болатын жөке ағашын екті. Әр ағаштың жанына ардагердің аты жазылған арнайы тақтайша орнатылды. Жөке –өміршеңдіктің, жад пен рухтың белгісі. 

Сол себепті оны соғыс ардагерлерінің құрметіне жиі отырғызады. Бұл келешекке бейбіт өмір сыйлаған жандардың құрметіне қойылған тірі ескерткіш. Ағаш отырғызу кезінде заманауи әдістермен технологиялар қолданылды: ағашты тік ұстауға арналған қайың тіректер, сондай-ақ, тамыр арқылы суару жүйесі орнатылды.

 «Мемлекет басшысы әскери шерудегі сөзінде: «Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек»,  деп атап өтті. Біз бейбіт өмір сыйлаған жандарды ешқашан ұмытпауымыз қажет. Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыда бұл мерейтой ерекше форматта атап өтілуде: қаланың барлық ауданында бір мезетте ардагерлер аллеясы ашылды. Бұл жерлерді әр аудан тұрғыны біліп, барып, батырларымыздың рухына тағзым еткенін қалаймын. Алматыда бүгінде 21 соғыс ардагері тұрады – бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Біз соңғы екі жылда өмірден озған ардагерлерді де құрметпен еске аламыз. Бүгін барлығы 29 ағаш егілді. Бұл аллеялар болашақ ұрпақ – балалар, немере-шөберелер үшін батырлықты еске салып тұратын тірі ескерткішке айналады»,  деді Ерболат Досаев.

Ардагерлердің ұрпақтары аллея ашып, Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің есімін есте сақтауға жағдай жасағаны үшін қала басшысына алғыс білдірді.

«Соғыс ардагерлерінің барлық ұрпағы атынан аталарымыздың, әкелеріміздің, аналарымыз бен әжелеріміздің жарқын бейнесін еске алып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Жөке – ерекше ағаш. Ол рухтың мықтылығын, төзімділік пен адалдықты білдіреді. Бұл көне әрі асыл символ бізге болашақ ұрпақ үшін өмірін сарп еткен жандарды әрдайым еске салып тұрады. Хош иісті гүлі мен ұзақ жасайтын қасиеті бар жөке – батырларымыздың жүректе сақталатын ерлігі секілді, мәңгілік тірі естелікке айналады»,  деді ҰОС ардагері Ольга Савенконың немересі Юлия Завадская.

Соғыс ардагері Василий Зинченконың қызы Людмила Зинченко да шын жүректен ризашылығын білдірді.

«Осындай ауқымды іс-шараға қатысып отырғанымызға  қуаныштымыз. Бүгін күн керемет, көңіл-күйіміз де сондай жақсы. Мұндай маңызды оқиғаны ұйымдастырғандарыңыз үшін барлық ардагердің отбасылары атынан алғыс айтқымыз келеді. Бұл ағаштар халқымыздың батырларын ұмытпауға мүмкіндік береді. Біз бұл жерге балаларымызды ертіп келіп, отырғызылған ағаштармен таныстырып, аталарының ерлігі туралы айтып отырамыз», деді ол.

100 жастағы ҰОС ардагері Қамбар Сәрсенов пен соғыс ардагері Дарбала Жабатаеваның қызы Сәуле Қолымбаева да алғыстарын білдіріп, бұл тірі ескерткіштер бабалар ерлігін ұрпақтар жадында сақтауына сеп болатынын айтты.  

Осы күні 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында биіктігі 6 метрлік 29 атаулы жөке ағашы отырғызылды. Жалпы, ҰОС ардагерлеріне арналған ашық аллеяларда 200 жөке егілді.