Астанадағы Ұлттық музейде «Қазақстан – майдан арсеналы» атты тақырыппен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы жұрттың бейнетін бейнелейтін көрме өтті.
Көрмеге Ұлытау облысының Жезді кентіндегі музейден 40-тан астам экспонат әкелініп, Ұлттық музейде бір ай бойы келушілер назарына ұсынылып отыр. Бұлтартпас фактілер мен ресми құжаттарға негізделген тарихи тағылымы мол көрмеден майдан кезіндегі өмірдің суретін көруге болады.
Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Жездінің кент болып құрылу тарихы турасында аз-кем мәлімет айтты.
– Соғыс жылдары бұл төңіректен үлкен марганец-жез кеніші табылған. Украинада-ғы марганец өндірісінің ошақтарын фашистік режімге беріп қойған КСРО үшін бұл тығырықтан шығаратын тура жол еді. Өйткені оқ пен снарядтан қорғайтын құрыш құрсау жасау үшін марганец қажет. Сол кезде Қаныш Сәтбаевтың бастауымен Жездідегі марганец кен орны ашылып, өнімі майданға құрсаулы танк болып аттанып жатты. Осылайша, Жезді даласы жеңіске өлшеусіз үлес қосқан болатын, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Музейдің бір бұрышынан орын тепкен шағын көрменің ішінде артиллериялық снарядтың алып гильзалары көзге оттай басылады.
– Бұл бұрышқа заттай экспонаттармен бірге Жездіні марганец өндірісінің ошағы етіп дамытуға түрткі болған ресми құжаттар, «За медь» деген атпен жалғыз бет болып, күн сайын шығып тұрған жаршы газеттің алғашқы нұсқалары сияқты 1941–1945 жылдарды қамтитын дүниелерді алып келдік. Елдің бір түкпірінде жатқан музейдің мұрасын Астана төріне алдырып, бүкіл жұртшылықтың назарына ұсынуға мүмкіндік берген Ұлттық музей басшылығына алғысымыз шексіз, – деді Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева.