Президент жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Жеңістің 80 жылдығы аясында соғыс және тыл ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетілетіні туралы айтқан еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 8 мамырдағы дерегінше, қазір елімізде 105 соғыс ардагері тұрады. Бұған қоса фашизмді жеңуге үлес қосқан 40 707 адам бар. Президент тапсырмасы шеңберінде оларды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың ауқымды іс-шаралары қолға алынды.
Былтыр Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына 1,5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілген болса, биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысымен оның көлемі 5 млн теңгеге дейін көбейді. Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында жыл басынан бері 109 ардагерге жалпы сомасы 545 млн теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленген. Сонымен қатар Жеңіске үлес қосқан өзге де санаттағы азаматтарға 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін әлеуметтік көмек берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша, ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып саналады.
– Елімізде қоршаудағы Ленинградтың 64 тұрғыны, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған 129 тұтқыны, соғыс кезінде алған жарақаты, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан қайтыс болған адамдардың 1 638 жұбайы, сонымен қатар 38 874 тыл еңбеккері бар. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша соғыс ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 271 802 теңгені, ал тыл еңбеккерлері алатын орташа жиынтық мөлшері 179 800 теңгені құрайды, – деді ол.
Бұған қоса вице-министр қазіргі кезде әскери қызметшілер пайдаланатын құқықтар мен кепілдіктердің барлығы ардагерлеріміз үшін де жарамды екенін айтты. Олар салық жеңілдіктерін пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторий-курорттық емдеу ұсынылады.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (атаулы) күндерге орай, тұрғын үйге жөндеу жүргізу, отынмен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктерді, т.б. көмек түрлерін көрсетеді.
– 2025 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызмет ақыларын өтеу (2,6 млрд теңге), тұрғын үйді жөндеу (21,5 млн теңге), отын сатып алу (14,5 млн теңге), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (4,1 млрд теңге), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (48,5 млн теңге), тіс протездеу (441,9 млн теңге), азық-түлік топтамасы (103,9 млн теңге) түрінде көмек көрсету көзделген, – дейді Еңбек және халықты әлеуметті қорғау вице-министрі.
Бұған қоса сәуір-мамыр айларында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған пойызын іске қосып, ел халқына профилактикалық-диагностикалық қызмет көрсетіп жатыр. Жоба шеңберінде Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы стансалардың тұрғындары білікті медицина мамандарынан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, оториноларинголог, хирург, уролог, маммолог, педиатр) тегін тексеруден және емделуден өтуге мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін үйде қызмет көрсету көзделген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету бойынша «Birgemiz Qamqor» республикалық жобасын іске қоспақ. Жоба жастарды соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген терең құрмет, гуманизм мен патриотизм сезімдерін оятуға бағытталған.
Айта кетсек, біздің елімізде ТМД мемлекеттері ішінде соғыс ардагерлеріне ең үлкен әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Бұл көмек түрлері алдағы уақытта да жалғаса бермек.