Жыл өткен сайын сұрапыл соғыста елі мен жерін қорғаған майдангерлер қатары біртіндеп селдіреп бара жатыр. Жеңістің 70 жылдығын елімізде 5 мыңдай соғыс ардагері қарсы алған болса, биылғы 8 мамырдағы дерек бойынша солардан 105 майдангер ғана қалыпты. Бұл мақалада біз Жеңістің 80 жылдығын көру нәсіп болған бірқатар ардагерімізге арнайы тоқталғанды жөн көрдік.
Кавказды қорғаған мерген
Жақында майдангер Тәңірберген Толғанбаев 102 жасқа толды. Жеңіс күні қарсаңында оны Алматы облысы Іле ауданының және Алатау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері арнайы құттықтап қайтты.
Т.Толғанбаев 1923 жылы 1 мамырда Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Киров ұжымшарында дүниеге келген. 1942 жылдың мамыр айында 19 жастағы жігіт Ақсу аудандық әскери комитеті арқылы кеңес әскерінің қатарына шақырылады.
– 1942 жылы бізді Лепсіге жинады, – деп еске алады ардагер. – Пойызға қайтсең де кешікпеу керек, үлгеру үшін түні бойы түйемен жүріп отырдық. Пойыз қозғалған кезде анам артымыздан ілесе жылап жүгірді.
Майдангер әскердегі қызмет жолын Кавказдағы шекара әскерінде бастайды. Оқу-жаттығу орталығында жас жауынгерді мергендікке баулыған. Алда Сталинград майданындағы қанды шайқас күтіп тұрған еді. Кавказдағы даярлық ол үшін ерік-жігері қайралып, жауынгерлік машығы шыңдалған нағыз өмір мектебіне айналды.
Соғыстан кейін көпұлтты құрамның қатарында Еревандағы шекара жасағында қызмет етіп, сонда жүріп орыс тілін үйренген. 1949 жылы елге оралған соң, алдымен сот хатшысы, кейін кіші лейтенант шенімен жедел уәкіл қызметтерін атқарады. Сталинабад милиция мектебін, кейін Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген.
Мансап жолында он жыл Алматы облысының Жамбыл аудандық ІІБ басқарды. 1976 жылдан бастап Іле ауданының прокуратурасында жұмыс істеп, азаматтардың құқықтарын заң жүзінде әрі әділ қорғаушы ретінде құрметке ие болды. Кейінгі жылдары Боралдай қант зауытында заң кеңесшісі болып еңбек етті.
Ерлігі мен мінсіз қызметі үшін майдангер «Кавказды қорғағаны үшін», «Жуков» медальдарымен, басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған. Іле ауданының құрметті азаматы.
Ұзақ жыл ұстаздық еткен жұбайы Дәмелі Әлпейісова екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 12 немере, 16 шөбересі және бір шөпшек сүйіп отыр.
Жеңісті Вислада қарсы алған
Николай Семенович Куриленко – бүгінде Қарағанды облысының Теміртау қаласында тұратын жалғыз соғыс ардагері. Брянск облысының тумасы таяу күндері 98 жасқа толғанда 55524 әскери бөлімі қызметкерлері оған арнайы барып, құттықтады.
Майдангер 1944 жылы 17 жасында кеңес әскерінің қатарына шақырылыпты. Балтық жағалауындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің зениттік артиллериясында қызмет етеді. Соғыс аяқталар тұста олардың бөлімшесі Польшаға жіберілген. Сол елде Висла өзеніндегі бомбалаудан кейін қалпына келтірілген теміржол көпірін қорғайды. Осы көпір күзетінде тұрып Жеңісті қарсы алған ол 1951 жылға дейін әскерде қызмет еткен.
Н.Куриленко І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. медальдарьмен марапатталған.
1958 жылы әйелі Мария Федоровнамен бірге комсомолдық жолдамамен Теміртаудағы Магнитканы салуға келген. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 10 немере, 13 шөбере және 3 шөпшек сүйіп отырған бақытты қария.
Маньчжурия мен Кореяны азат етті
Жеңістің 80 жылдығын қарсы алу бақыты бұйырған майдангердің бірі – Рахымжан Сатыбалдыұлы Мамралиев. Ол Маньчжурия мен Кореяны азат етуге қатысқан.
18 жасында майданға алынған жауынгердің тағдыры Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қиян-кескі шайқаста өмір мен өлім арасында арпалысқан өзге қазақ сарбаздарынан өзгеше болды. Өйткені ол 1943 жылы Қиыр Шығысқа аттанды. Ол жақта жапон армиясымен ымырасыз шайқас күтіп тұрған еді.
Артиллериялық взводты басқарған аға сержант Р.Мамралиев Приморск, Ворошилов, Маньчжурия және Корей түбегінің маңызды қалаларын азат етуге тікелей қатысты. Қызыл Армия 1945 жылдың тамызында Жапонияның Квантун армиясына ауыр соққы беріп, ойсырата жеңді. 1951 жылы, яғни соғыс аяқталғаннан кейін алты жыл өткен соң ғана әскерден босап, туған жері Жамбыл облысына оралды.
Биыл 27 қаңтарда Р.Мамралиев мерейлі 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған майдангер отбасының ортасында ғұмыр кешіп жатыр. Ол – жай ғана ардагер емес, ұрпақтары мақтан тұтатын рух күші мен табандылықтың үлгісі.
«Ұзақ жасайды екенсің, балам...»
28 сәуірде майдангер, отставкадағы полковник Николай Александрович Таратунин 102 жасқа келді. Оны Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Түрксіб аудандық басқармасының, ҰҚК Шекара қызметі департаментінің өкілдері, әскери-патриоттық клубтар тәрбиеленушілері туған күнімен құттықтап қайтты.
Н.Таратунин 1923 жылы Ярославль облысының Починки ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың қарашасында екі үлкен ағасының жолын қуып, өз еркімен майданға аттанады. Айрықша қабілетінің арқасында оны барлау қызметіне қабылдапты.
Бірнеше рет жау тылында тапсырмаларды орындап, құнды мәліметтер жеткізді. Жау офицерлерін де тұтқынға түсірген. Осындай рейдтің бірінде батыл барлаушы жан-жақтан оқ жауып жатқанына қарамастан, фашистердің азық-түлік тиелген жүк көлігін бөлімге жеткізеді.
Соғыста бірнеше рет жарақат алған. Әсіресе 1943 жылы Дон өзені үшін шайқаста ауыр жарақат алып, жанындағы жолдастары оны қаза тапты деп ойлайды. Түнімен дымқыл жертөледе жатып, таңертең жерлейін деп жатқанда жауынгер көзін ашады. Мұны көрген дәрігер: «Ұзақ жасайды екенсің, балам! Мен сені емдеп, аяққа тұрғызамын», депті.
Соғыстан кейін Н.Таратунин Алматыдағы жаяу әскер училищесін бітіріп, шекара әскерінде қызметін жалғастырды. Түркия, Иран, Қытай және Жапониямен арадағы шекарада қызмет етті.
Ғасырдан аса жасаған майдангер – І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Бүгінде ұлымен бірге тұрады. 3 немересі мен шөбересі бар.
Сайыпқыран сапер
Жеңістің 80 жылдығына аман жеткен майдангерлер туралы мақаламызда астаналық Владимир Иванович Дровосековты да атап кетуді жөн деп таптық. Өкінішке қарай, ол Жеңіс күніне тоғыз-ақ күн қалғанда, сәуірдің 30-ында 99 жасында бақиға озды.
В.Дровосеков 1926 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Балкашино ауылында дүниеге келген. Ақмоладағы фабрика-зауыт училищесін бітірген соң, темір ұстаның ұлы №317 әскери зауытта токарь болып жұмыс істеді.
1944 жылы соғысқа аттанып, 3-Беларусь майданында шайқасты. Қатардағы жауынгер сапер бөлімшесінде «Пальма» атты мина іздеуші овчарка итпен бірге қызмет етті. Соғыстың соңында итті қауіпті миссия саналатын танктерді жоюға арнайы дайындап, тапсырмалардың бірін орындау кезінде Владимир Иванович адал досынан айырылды.
Ол Еуропадан Қиыр Шығысқа дейін барып, Сахалин мен Курил аралдарындағы теңіз катерлерінде қызмет етті. Үйіне 1952 жылы ғана оралып, Ақмоладағы арнайы комендатурада, кейін вагон жөндеу зауытында механик болып жұмыс істеді.
Қатардағы жауынгер В.Дровосеков әскери жолында II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.