• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Кеше

Парадқа кіре алмаған Теңдік Изақов кім?

40 рет
көрсетілді

7 мамыр күні Астанада өткен әскери парад кезінде тыл ардагерінің салтанатты іс-шара аумағына кіре алмай қалғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қоғам назарына ілікті. Кейін бұл ардагер – Қазақстандағы нейрохирургия саласының дамуына зор үлес қосқан, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Теңдік Изақов екені анықталды.

Көп ұзамай Астана қаласының әкімдігі ардагерден кешірім сұрап, жағдайды түсіндіруге тырысқан. Қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов Теңдік Изақовтың үйіне арнайы барып, ол кісіге ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс айтып, 9 мамыр күні өтетін гүл шоқтарын қою рәсіміне ресми түрде шақырған. Әкімдіктің ресми хабарламасында шеру алаңына кіруге арналған тізім соғыс және тыл ардагерлерінің туыстарының тікелей өтініші негізінде жасалғаны, ал Теңдік Изақовтың отбасынан ондай өтініш болмағаны айтылыпты.

Сонымен 93 жастағы ардагер кім болды? Ол – еліміздің медицина саласындағы көрнекті тұлға. Теңдік ақсақал Қазақстандағы алғашқы нейрохирургтердің бірі ретінде елдің денсаулық сақтау жүйесіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. 1932 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Кейін 1957 жылы Қарағанды медициналық институтын аяқтаған соң шалғайдағы аудандық ауруханаларда жұмыс істеп, кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында қызмет етті.

Осы кезеңде бет жүйке ауруын емдеудің тың тәсілі — гидротермодеструкция әдісін алғаш қолданған дәрігерлердің бірі болды. Бұл әдіс бойынша науқастың бет жүйкесіне қайнаған су жіберу арқылы ауырсынуды тоқтату мүмкін болды. Бұл – дәлдік пен терең білімді талап ететін, тәуекелі жоғары, бірақ нәтижелі ем. Оның бұл тәсілін замандастары да қайталап көруге тырысқан, алайда дәл осы шеберлікке жете алмаған. Сондай-ақ Теңдік Изақов емдеумен қатар ғылыми-зерттеу және оқытушылықпен де айналысып, көптеген жас маманның жолын ашқан.

Ардагердің немересі Ерлан Амангелді атасы туралы былай деп толғанады:

«Ол өмір бойы нейрохирург болып еңбек етті. Қазір 93 жаста, ақыл-есі тың, өте белсенді. Әлі күнге дейін адамдарға кеңес беріп, диагноз қоюға көмектесіп отырады. Расында бұл кісі – ұлы адам!».

Теңдік Изақовтың өмірлік ұстанымы – еңбек ету, оның құдіретіне сену.

«Бақыттың кілті – еңбекте. Ой еңбегі, қол еңбегі болады. Соған беріле кірісу керек. Еңбектен рух аласың. Қазақ кішкентай бала еңбектеді деп бекер айтпайды. «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» дейді Абай. Сондықтан кез келген қиындық адамды ширатады. Сол себепті әрбір азамат еңбекке дағдылану керек», дейді ардагер. Ол үшін еңбек – адамды адам ететін, рух беретін құндылық.

Міне, осындай азаматтың әскери шеруге кіре алмай қалуы қоғамда әділ сын тудырды. Дегенмен, әкімдіктің уақытылы жасаған қарекеті –  ізеттілік белгісі. Өйткені аз ғана қалған ардагерлерді алақанда аялап, құрмет көрсету – бәріміздің парызымыз екені анық. Ендігі жолы мұндай келеңсіз жағдайды болдырмауға тырысу – ел талабы болып отыр.