Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы бастамаларын қолдай отырып, «Жасыл даму» АҚ экологиялық қауіпсіз технологияларды ілгерілетуге тағы бір қадам жасады. Компания электрондық қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі «Technic Destroy» ЖШС-нің инновациялық жобасына ресми түрде қолдау білдіретінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2009 жылы құрылған «Technic Destroy» компаниясы бүгінде кеңселік және коммерциялық техниканы, сондай-ақ литий-ионды батареяларды қайта өңдеу бағытында еліміздегі жетекші кәсіпорынға айналды. Компания Орталық Азияда литий-ионды батареяларды өңдейтін арнайы өндіріс желісін енгізген алғашқы ұйым ретінде танымал.
Айта кетейік, 2024 жылдың өзінде кәсіпорын 3000 тоннадан астам батарея мен электронды жабдықтарды қайта өңдеп, Қазақстандағы экологиялық ахуалдың жақсаруына елеулі үлес қосқан.
Жобаның аясында енгізілген литий-ионды батареяларды өңдеу желісінің жобалық қуаттылығы сағатына 300 кг, ал жылдық өңдеу көлемі 500 тоннадан асады.
«Жасыл даму» АҚ тарапынан көрсетілетін қолдау — өңдеудің заманауи әрі экологиялық қауіпсіз әдістерін енгізуге бағытталған. Бұл бастама Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саясатына сай келеді.
Аталған ынтымақтастық электронды қалдықтарды басқару саласындағы үздік тәжірибелерді енгізуге, жергілікті экожүйелерді қорғауға және Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.