• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 17:32

Жұмыс пен жалақының арасында алшақтық бар - депутат

40 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров жұмысшы мамандықтары саласының ардагері ретінде екі өзекті сұраққа тоқталған депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Депутат бірінші сұрағында жұмыстар және жұмысшы кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік қазіргі қолданыстағы анықтамалығы ескіргенін, ол – 1990 жылдардағы өндіріс құрылымы және кәсіп түрлеріне арналған айтты.

«Алайда қазіргі замандағы еңбек шарты мүлде басқа талаптар қойып жатыр. Industry 4.0 аясында автоматтандырылған жүйелер, робототехника, логистика, цифрлық өндіріс процестері секілді жаңа мамандықтар қалыптасып, дамыды. Бірақ бұл анықтамалық оларға сай біліктілік шектерін, лауазымдық міндеттер мен жалақы деңгейлерін нақтыламайды. Соның салдарынан жұмысшылардың нақты атқарған еңбегі мен жалақысы арасында алшақтық туындап жатыр», деді мәжілісмен.

М.Ескендіровтің айтуынша сонымен бірге, жұмыс берушілер сол құжаттың ескіруін сылтауратып, еңбек қатынастарын формалды түрде ғана рәсімдеп, жұмысшы құқығын айналып өтіп жатыр, мұндай жағдайлар әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жиі кездеседі.

«Мысалы, өндірісте 3D модельдеумен жұмыс істейтін техник маман және слесарь еңбегінің ауырлығына сайкес зерделенуі қажет», деді депутат.

Депутат екінші сұрағында колледждердегі білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп қайта құру қажет екенін, көптеген колледждерде оқыту бағдарламалары ескі әдіспен құрылып, өндірістегі нақты жағдайларға сәйкеспейтінін, бұл – түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін төмендететінін айтты.

«Елімізде 800-ден астам колледж жұмыс жасайды. Алайда, World Bank және OECD зерттеулеріне сәйкес, Техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) жүйесінің 60%-ға жуығы еңбек нарығының нақты сұранысынан алшақ. Бағдарламалар жаңартылмаған, өндірістік тәжірибе қысқа мерзімді, ал оқытушылардың басым бөлігі жаңа технологиялармен жұмыс жасауға жеткіліксіз», деді Мәжіліс депутаты.

М.Ескендіровтің айтуынша, сонымен бірге, жасыл экономиканы дамыту жөніндегі тұжырымдама (2050) және цифрлық Қазақстан стратегиясы аясында жұмысшы мамандықтарына энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару, қайта өңдеу технологиялары, цифрлық логистика, ERP жүйелерімен жұмыс істеу тұрғысында мүлде жаңа құзыреттер қажет.

Осыларды айта келе, депутат ұсыныстарын айтты.

«Біріншіден БТБА-ны толықтай жаңарту қажет. Ол үшін салалық ерекшеліктер ескеріліп, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың, салалық сарапшылардың қатысуымен жаңа анықтамалық әзірлеу керек. Заманауи кәсіптер мен құзыреттерді (мысалы, дрон операторлары, техниктер, автоматтандырылған жүйе операторлары, логистика мамандары және т.б.) толық енгізу – әділ еңбек қатынастарының кепілі. Халықаралық стандарттар мен Еуроодақтың ESCO жүйесі (European Skills, Competences, Qualifications and Occupations) негізінде жаңа кәсіп түрлерін саралайтын Ұлттық біліктілік шеңбері ескерілуі шарт. Құжат электронды форматқа көшіріліп, жұмыс берушілер мен кадр мамандарына ыңғайлы құрал ретінде ұсынылуы тиіс.

Екіншіден, колледждер жұмыс берушілермен тұрақты әріптестік орнатуы тиіс. Оқыту бағдарламалары жаңартылып, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту кеңінен енгізілуі қажет. Сонымен қатар, әр мамандық бойынша цифрлық сауаттылық пен экологиялық жауапкершілік дағдыларын қалыптастыратын модульдер енгізілуі тиіс. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші аналитикалық зерделенуі қажет. Колледж түлектерін кәсіби қайта даярлауға кететін мемлекеттік шығындар есептелуі өзекті.

Үшіншіден, жұмыс берушілерді дуалды оқытуға оқу бағдарламасын әзірлеуге міндетті түрде тарту қажет. Цифрлық және «жасыл» құзыреттер барлық техникалық мамандықтарға енгізілуі тиіс. Әр колледжде технологиялық серіктестермен (зауыттар, ІТ-компаниялар, агрофирмалар) бірлескен оқу-өндірістік лабораториялар құрылуы қажет», деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.   

Мәжіліс депутатының түйінді сөзінше, аталған екі бағыт бойынша нақты өзгерістер енгізу – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек құқықтарын қорғаудың, кәсіби білім мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюдың негізгі жолы және жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, еңбек адамына лайықты жағдай жасауға ықпал етеді.