• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Жемқорлық Кеше

Ағартушылық адалдықты талап етеді

30 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлық жайлаған саланың бірі білім саласы екені жасырын емес. Сондықтан онымен күрес қоғамның басты міндеті. Мемлекет білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресіп-ақ жүр.

Бірақ қоғам дертін жою үшін елдің әрбір азаматы бірлесіп осы кеселмен күресуге күш біріктіруі қажет. Осы орайда республиканың үшінші мегаполисінде аталған мәселені күн тәртібіне шығарып үлкен талқылауға салған маңызды жиын болды. Ол Шымкенттегі Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында өткізілді. Жиында көтерілген мәселе білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оның алдын алу тақырыбына арналды. Қоғамда өзекті болған бұл басқосуда сарапшылар, мамандар білім беру саласындағы құқық бұзушылықтар мен олардың себеп-салдары жөнінде кең ауқымды талқылау ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен республикалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов қатысты. Сонымен бірге басқосуға 300-ге жуық мектеп, балабақша, колледж және қосымша білім беру ұйымдарының басшылары шақырылды.Кездесу барысында білім беру саласындағы қаржылық құқықбұзушылықтар, олардың қоғамға тигізер кері әсері жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова білім беру саласында көпшілікті толғандырған өзекті мәселелерді қозғады. Оның ішінде бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық қылмысын атап өтті. Шымкенттің бас педагогі сондай-ақ өз баяндамасында барлық білім беру ұйымдарының басшылары қаржылық тәртіпті сақтау керектігін, парақорлықпен күрестің тиімді жолдарының бірі мөлдірлік пен ашықтықты қамтамасыз ету екенін еске салды. Сонымен бірге білім саласында жемқорлыққа әкеп соқтыратын жағдаяттарды тізіп атап, оларды болдырмаудың жолдарын ұсынды.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өкілдерінің сөзінше антикордың осы салада біраз қылмыстардың бетін ашып деректерді анықтаған. Мәселен оның ішінде кейбір білім беру мекемелерінде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, оның ішінде жұмыс істемейтін тұлғаларға жалақы төлеу және жекелеген қызметкерлердің еңбекақысын заңсыз арттыру фактілері бар. Осы тәрізді құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, оны біраздан бері жүзеге асыру үстінде.

Жоғарыда айтқанымыздай білім саласы жыл сайын құқық қорғау органдарының назарына ілігіп отырады. Айталық осыдан екі жыл бұрын сот үкімімен қалалық білім басқармасында қызмет істеген 2 азамат сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталған. Олардың жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді тексермегені үшін 100-500 мың теңгеге дейінгі сомада директорлардан пара алып келгені белгілі болды. Сонымен бірге өткен жылы қаладағы мектептердің бірінің есепшісі алаяқтық жолмен ақша жымқырып мемлекетке 64 млн теңге көлемінде шығын әкелген. Оның да қылмысы толық дәлелденіп, сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

ШЫМКЕНТ