Қазақстандық өнер иесі Динара Бисенова шығармашылық ортада Динара Каиргожа есімімен кеңінен танымал. Оны қазақстандықтар, әсіресе музыкасүйер қауым әнші, композитор, продюсер, вокал педагогы ретінде таниды.
Бүгінде Динара Каиргожа заманауи эстрадалық бағытта тың жобаларымен көзге түсіп жүр. Оның көпқырлы шығармашылық жолы еліміздің музыка индустриясының дамуына елеулі үлес қосуда.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Динараның жас ұрпақты шығармашылыққа баулуда еңбегі орасан. 2003-2008 жылдары Динара Каиргожа Алматы қаласындағы №5 оқушылар үйінде балалардың эстрадалық студиясын басқарып, жас таланттардың сахнаға шығуына жол ашып берді. Осы кезеңде ол балаларды тек вокалға ғана емес, сахналық мәдениет пен актерлік шеберлікке де баули отырып, болашақ әртістердің кәсіби өсуіне негіз қалады.
«Динараның мектебінен өткенімізді әркез мақтан тұтамыз әрі музыка әлеміндегі осындай ірі тұлғадан дәріс алғанымызға қуаныштымыз. Бұл - кез келген жанға берілмейтін мүмкіндік. Ұстазымыздың тағылымы, тәрбиесі бізді киелі сахнамен табыстырды», - дейді өнер иесінің шәкіртерінің бірі Роза Жомартқызы.
Өнер зерттеушілері Динараның композиторлық қырын да жоғары бағалап жүр. Ол 2009-2013 жылдары бірқатар авторлық әндерін жарыққа шығарды. «Елім менің», «Ән жұмбақ», «Қыз қылығы» атты телевизиялық жобаларға арнайы шақырылып, тыңдармандарына өзгеше қырынан көрінді. Әрі репертуарындағы жаңа әндерін көпшілік назарына ұсынып, ұлттық музыкалық мұраға өзіндік үлесін қосып келеді. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі байқаулардың қазылар алқасының құрамында болып, жас орындаушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруден шаршаған емес.
Динара Каиргожа жерлестерінің арнайы шақыртуымен Көкшетау қаласында өзінің авторлық вокал студиясын да ашты. Бұл бастама бір жағынан жеке кәсіпкерлік жоба болса, екінші жағынан өңірдегі шығармашылық дамуға серпін берген маңызды мәдени орталыққа айналды.
Біз Динараға хабарласып, осы орталық туралы сұрағанымызда мұнда әртүрлі жас шамасындағы шәкірттер вокалдан ғана емес, сахна мәдениеті, музыкалық интерпретация, шығармашылық еркіндік тұрғысынан кешенді білім алатынын айтты.
«Бұл өнер орталығын ашудағы бір мақсатым, Ақан сері, Біржан салдарды қазаққа берген туған жерімде өнер дүлдүлдерінің сабақтастығын үзілмегендігін көрсету еді. Сол мақсатқа жеттім деген де ойдамын. Мұның бағасын халық береді, ал халықтың бағасы жоғары», - дейді Д.Каиргожа.Оның бұл бағыттағы жобаларының қатарына украиналық Фуд-мастер желісінің жарнамалық бейнежазбасына түскен рөлін де қосуымыз керек. «Бұл жобаның іріктеуінде украин қызы мен менің өнерім қазылар алқасының назарын аударды. Нәтижесінде украиналық компанияның жарнамасын украин қызы Ресей аймағына жасаса, менің бейнежазбам Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі тұтынушыларға бағытталды», - дейді Динара Каиргожа.
Музыкалық ортада Динара Каиргожа – тек әнші емес, отандық эстрададағы ықпалды тұлға, жаңа буынды қалыптастырушы педагог, өнер арқылы тәрбиелеудің заманауи моделін ұсынған кәсіби маман.