• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Руханият Кеше

Алматыда мектеп жанындағы лагерьлерде дайындық жұмыстары басталды

40 рет
көрсетілді

Оқу жылы аяқталғаннан кейін 200-ден астам мектеп жазғы лагерьлерге балаларды қабылдауға дайындық жасалып жатыр.

Қазіргі кезде  мазмұнды жазғы демалыс бағдарламасы әзірленіп, балалар зияткерлік және шығармашылық ойындарға, спорттық жарыстарға, викториналарға, пікірсайыс клубтарына, жазғы тіл мектептері мен «Жас ұлан», «Жас қыран» бағдарламалары бойынша сабақтарға тегін қатысатын болады.   «Әр мектеп жазғы бағдарламасын әзірлейді. Мысалы, алты мектеп жанынан ұлттық дәстүрмен жақын танысуға, сәндік-қолданбалы өнер мен қолөнер негіздерін үйренуге мүмкіндік беретін киіз үйдегі этнолагерь ұйымдастырылады. 24 мектепте футбол, волейбол, баскетбол және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді. 50 мектепте оқушылардың экологиялық мәдениетін және табиғатқа саналы көзқарасын дамытуға бағытталған экологиялық лагерь жұмыс істейді. Жалпы, 200-ден астам мектеп базасында жазғы мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылады. Ата-аналар лагерьге бару үшін ақы төлемейді», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.   Сайран Сайфеденов балалардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін де атап өтті. Барлық лагерь медициналық кабинеттермен жабдықталады. Мектеп директорларымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің қатысуымен жиналыстар өткізілді. Сонымен қатар, балалар үшін су айдынында, жолда, саябақта және қоғамдық орында өзін ұстау ережелері бойынша алдын алу сабақтары ұйымдастырылады.   Бұған қоса, жаз мезгілінде қалада көшпелі және бейінді лагерь де ұйымдастырылады. «Шабыт» және «Самғау» орталықтары, №1 Оқушылар үйі және екі инновациялық шығармашылық орталығы секілді бес қосымша білім беру мекемесінің базасында ғылымға, эксперименттерге және жобалық қызметке бағытталған IT-лагерь жұмысын бастайды. Оқушылар сарайы және басқа мекемелер жанындағы күндізгі лагерьде шахмат, вокал, би, күрес және басқа да бағыттар бойынша сабақтар өткізіледі.   Жазғы лагерьлерден бөлек, жаз бойы балаларға қосымша білім беретін ұйымдар да жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 11 мыңға жуық оқушы 122 жеке меншік білім беру ұйымында сабаққа тегін қатысады.   Мұнымен қоса қаладағы колледждер базасында кәсіптік бағдар беру бағытындағы секциялар ұйымдастырылады. «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы аясында оқушылар 17 колледж базасында аспаздық, киім дизайны, шаштараз ісі және басқа да мамандық бойынша өзін сынап көре алады.