• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:00

Еліміздегі құс шаруашылығында кедергілер анықталды

10 рет
көрсетілді

Жоғары аудиторлық палата мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі еліміздегі құс шаруашылығы нарығына талдау жасап, жүйелі проблемаларды тапты. Атап айтқанда, көптеген құс өсіруші мемлекеттен субсидия ала отырып, етті әлі де бәсекелестерге қарағанда қымбат сатады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша құс етін өндіру және өткізу нарығындағы бәсекелестікке жоспардан тыс талдау жүргізілген. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген аудиттен кейін осындай зерттеу жүргізу қажеттігі туындады. Мақсаты – нарықта үстем немесе монополиялық жағдайды иеленген қатысушыларды анықтау, бағаның қалай өзгергенін қадағалау, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының саладағы бәсекелестікке қалай әсер ететінін бағалау.

Сонымен, жоспардан тыс талдау былтыр Қазақстанда 358,7 мың тонна құс еті өндірілгенін, оның 42 мың тоннасы экспортқа шығарылғанын көрсетті. Ал импорт көлемі 135,7 мың тонна болған, яғни ішкі нарық импорттық өнімге әлі де жоғары деңгейде (бұл шамамен 30%) тәуелді болып отыр.

Мемлекеттік аудит нәтижесінде шағын өндірушілерге мемлекеттен қолдау алуға бөгет жасайтын кедергілер анықталды. Сараптау барысында белгілі болғанындай, шағын өндірушілердің мемлекеттен қолдау алуына кедергі келтіретін күрделі рәсімдер көп. Өтінім беру мерзімдері тығыз, талап етілетін құжаттар топтамасы қалың. Нәтижесінде нақты өндірістік әлеуеті бар көптеген компания іс жүзінде қолдау жүйесінен ажырап қалып отыр. Бұған қоса субсидия алған кейбір өндірушілердің түпкілікті бағасы мемлекеттік қолдау алмағандарға қарағанда анағұрлым жоғары.

Ахуалды жақсарту үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсынымдар жолдады. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның басқа да тапсырмалары толық орындалғанға дейін бақылауда болады.