• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 15:40

Елімізде шегіртке зиянкестерімен күрес күшейтілді

20 рет
көрсетілді

Республиканың 14 өңірінде шегіртке зиянкестерімен күресу мақсатында 464 мың гектардан астам алқап өңделді. Егістік алқаптарды үйірлі шегіртке зиянкестерінен қорғау және мониторинг жүргізу жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Болжам бойынша, 2025 жылы шегірткелердің таралу аумағы 2,1 млн гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз.

Айта кетейік, шегірткенің ең көп таралуы Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында болады. Мониторинг пен өңдеу шараларына 4 625 адам тартылған. Жалпы алғанда, зиянкестермен күреске 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

«22 мамырға дейін 2,8 млн гектар жер тексеріліп, оның 498 мың гектары шегіртке өткен аумақтар анықталды және оларды өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 14 өңірде 464 мың гектар жерде шегірткеге қарсы күрес шаралары атқарылды. Мәселен, Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын, тазалау шаралары жалғасуда. Жамбыл облысында негізгі өңдеулер аяқталған, итальяндық прусқа қарсы жұмыстар жалғасып жатыр», делінген хабарламада.

Итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізіліп жатыр.