• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

«Білімім – Отаныма» сынып сағаты өтті

90 рет
көрсетілді

Міне, тағы бір оқу жылы мәресіне жетті. 23 мамыр – ресми түрде барлық мектеп үшін соңғы оқу күні болып бекітілген. Осы күні республика көлемінде бірыңғай форматта «Білімім – Отаныма» атты сынып сағаты ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

1-сыныптан 11-сыныпқа дейін ұйымдастырылған тәрбие сағаты «Білімім – Отаныма» атты ортақ тақырып аясында өтті. Сынып сағаты барысында оқушыларға отаншылдық рухты оятатын, білім мен еңбекке деген құрметті дәріптейтін баяндама жасалып, қызықты ойындар өткізілді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері елге қызмет ету, адалдық пен жауапкершілік сынды асыл құндылықтарды оқушыларға жете түсіндірді. Іс-шара барысында «Біртұтас тәрбие» жобасының аясында оқушылар арасында өткізілген эссе байқауының жеңімпаздары анықталып, үздік деп танылған оқушылар марапатқа ие болды.

«Бүгін, міне, оқу жылының қорытындысын «Білімім – Отаныма» сынып сағатымен түйіндедік. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдылық беріп, түрлі форматта өткіздік. Өткен аптадан бері басталған эссе байқауының нәтижесін шығарып, үздік жазылған жұмыстарды марапаттадық. Оқушыларға танымдық кітаптар мен фильмдердің тізімі беріліп, демалыс кезін тиімді өткізу ұсынылды. Қауіпсіздік шаралары бойынша да алдын ала жұмыстар жүргізіліп, бейнематериалдар көрсетілді», деді «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия» директоры Айгүл Кашаева.

Әр мектеп түлегі болашаққа өз арманымен аттанады. Бірі ғылым жолын қаласа, енді бірі өнер мен мәдениетке бет бұрады. Ал енді бірі – ұстаз болуды өмірлік миссиясы деп санайды. Мектеп түлегі Саяжан да – сондай арман жетегіндегі жастардың бірі. «Мектеп менің шығармашылық жолымды ашып, үлкен шабыт сыйлады. Екі жыл ғана оқысам да, осы шаңырақта алған тәлім мен тәрбие мені тұлға ретінде қалыптастырды. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды таңдап отырмын. Ел болашағына қызмет ететін ұлт ұстазы болу – басты мақсатым», дейді 11-сынып оқушысы С. Азаматқызы.

Сонымен қатар сынып сағатына Астана қалалық әдістемелік орталығының маманы Гүльзира Алиакбаровна арнайы қатысып, оқу жылын үздік аяқтаған бірқатар оқушыларға грамоталар табыстады. Осылайша оқушылардың бір жыл бойғы еңбегі мен жетістіктері бағаланды. «Білім болашақтың бастауы. Жыл бойы өткізілген барлық сынып сағаты тек тәрбие емес, оқушының тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Әрбір сағатта біз оқушылардың бойына құндылықтарды сіңіріп, өмірлік бағыт бердік. Енді осы білім мен тәрбиені жазда ой иелігінен өткізіп, келесі жылға жаңа мақсатпен оралса, нағыз жетістік осы», деді Г. Алиакбарова.