Премьер-министр Олжас Бектенов 300-ден астам кәсіпкер мен сарапшыны біріктірген Қазақстан-Франция инвестициялық форумын ашты. Бұл форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық, көлік, энергетика, өнеркәсіп, туризм, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форумда өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының 31%-ға артып, $5,5 млрд-қа жеткені атап өтілді. Бұл рекордтық көрсеткіштің $3,6 млрд-ын қазақстандық экспорт құрап отыр. Бүгінде Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания белсенді жұмыс істеп, жалпы инвестиция көлемі $20 млрд-қа жақындаған. Қазақстан Франция үшін Орталық Азиядағы басты серіктеске айналған: аймақпен жүргізілетін сауданың шамамен 80%-ы біздің елдің үлесіне тиесілі.
Премьер-министр екі ел басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынас пен саяси диалогтың арқасында ынтымақтастық стратегиялық әріптестіктің кеңейтілген деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
«Франциямен ынтымақтастық – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі және Еуропалық Одақ шеңберіндегі серіктестігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің елдеріміз берік саяси байланыстармен, белсенді үкіметаралық және парламенттік диалогпен, сондай-ақ қарқынды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылмен ерекшеленетін берік және көпқырлы серіктестікке ие», деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы форум барысында бірқатар маңызды жобаларға тоқталды:
Қазақстанның оңтүстігінде Total Energies компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу; Alstom компаниясымен теміржол секторы бойынша жаңа инвестициялар және өндірісті оқшаулау; Air Liquide компаниясының Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі энергетикасы жобасы; Danone, Lactalis және Lidea компанияларының қатысуымен тамақ және сүт өнеркәсібін дамыту.Айта кетейік, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға және жасанды интеллект, фармацевтика, туризм мен су ресурстарын басқару сияқты салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Сонымен қатар форумда білім және ғылым саласындағы серіктестіктің жаңа кезеңі де сөз болды. Астанада және Алматыда француз мектептері ашылады, Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Lumière орталығы және Лотарингия университетінің филиалы жұмысын бастайды.
Премьер-министр Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін барынша қолайлы ахуал жасауға дайын екенін білдіріп, құқықтық кепілдіктер, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтар мен АХҚО мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
Іс-шара қорытындысында энергетика, көлік, денсаулық сақтау және су ресурстары салаларындағы бірқатар келісімге қол қою жоспарланған.