Қазақы түсінікте еркек түздің адамы, отбасын асыраушы, ал әйел үйдің шырағы, ошақ қасы мен бала-шағаның тәрбиесіне жауапты отанасы. Осы қағидаға негізделген отбасы құндылықтары ғасырдан ғасырға жалғасып отырды. Алайда 90-шы жылдардағы тоқырау заманы бұл қағиданың быт-шытын шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында колхоз,совхоз тарап, зауыт фабрика жабылып, азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай, әйел ерге, ер жерге қараған кезең келді. Бірақ осынау сындарлы шақта қазақтың қайсар қыздары ерінің бетіне қарап отырмады. Қолына ала дорбаны алып саудаға шықты. Қолынан келген жұмысты жасап, отбасын асырады. Кейіннен еліміз еңсесін тіктеген уақытта оқу оқып, жоғары білім алған қаракөздер ерлермен қатар жұмыс жасап, ел экономикасын дамытуға үлес қосты. Бүгінде елімізде гендерлік саясат аясында қыз-келіншектердің өздерін дамытуына, көшбасшылық қырларын ашуына, кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыруға қолдау көрсетіліп келеді. Осының нәтижесінде білімі мен білігі биік, тәжірибесі толысқан арулар ерлерден көп табыс таба бастады. Жарының жетістігіне қуанып, жанына демеу болып, жұмысына қолдау көрсететін ер азаматы бар отбасыларда жарастық салтанат құрып, балалар бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Десекте, төмен етекті әйелдің өзінен көп табыс тапқанына арланып, жоқ жерден ұрыс шығарып, әйелдің орны ошақтың қасы екенін еске салып отырудан жалықпайтын еркектер де жоқ емес. Жалпы біздің қоғамның әйелдің ерінен артық табыс табуына көзқарасы қандай? Біз осы сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік.
Сауалнама барысында қоғамның бір бөлігі әйелдің ерден көп табыс табуы — отбасындағы дау-дамайға апаратын себептердің бірі деп ойлайтынын аңғардық. Көпшіліктің ойынша, ер адам отбасының негізгі асыраушысы болуы тиіс.
«Менің ойымша ер адам әйел адамнан жоғары табыс табуы керек. Ал егер керісінше әйелдің табысы көбірек болса, бұл ұрыс-керіске алып келуі мүмкін. Ер адам негізі үйде жатпай, жұмыс жасағаны дұрыс», дейді қала тұрғыны.
Тіпті отбасындағы табыс теңсіздігі ер адамды намыстандыратыны туралы пікірлер де бар.
«Ер адам әйелге қарағанда көп табуы керек. Әйел адамның былай да үйде тірлігі көп. Еркек үйінің асыраушысы болғаны дұрыс, әйелі өзінен көп тауып жатқанына намыстанып, тырысуы керек», дейді бір тұрғын.
«Негізінде табыстың көп болғаны отбасылық бюджетке пайдалы. Бірақ әйел адамның ер азаматтан мейлінше аз тапқаны дұрыс секілді. Себебі бұл нәрсе Құранда да айтылған ғой. Әйел адамның тапқанына қарағанда ер адамның тапқаны берекелі болады. Еркек пен әйелдің психологиясы екі түрлі. Әйел ерінен көп тапса өзінің ер азаматын менсінбей кетуі мүмкін», дейді тағы бір тұрғын.
Сауалнамаға қатысушылардың арасында қазіргі қоғамда әйелдің ерінен көп табыс табуына қалыпты құбылыс ретінде қарайтындар да кездесті. Олардың ойынша кім көп тапса да жалпы отбасының қаржылық жағдайын жақсартуға жұмсалатындықтан ешқандай сөкеттігі жоқ. Ең маңыздысы – түсіністік пен қолдау екені жиі айтылды.
Бүгінде әйелдің ер адамнан көп табыс табуы — қоғам үшін таңсық дүние емес. Бірақ бұл мәселе әлі де пікір қайшылығын тудырады. Біреулер оны отбасы бірлігінің бұзылуына себеп десе, енді біреулер экономикалық тәуелсіздіктің көрінісі деп бағалайды.
Қалай десек те бүгінгі қазақ қоғамында әйелдің әлеуметтік рөлі өзгергені өтірік емес. Бұрын үй шаруасын дөңгелетіп, бала тәрбиесімен шектелген әйелдер енді мемлекеттің даму қарқынын айқындайтын экономикалық күшке айналып келеді.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы 1 тоқсандағы дерегіне сәйкес, елімізде еңбекке қабілетті әйелдердің саны 4 722 233 адамға жеткен, бұл жалпы жұмыс күшінің 62,8%-ын құрайды. Саясат сахнасында да әйелдер саны артып келеді. Парламентте қазір 28 әйел депутат бар – бұл жалпы депутаттар құрамының 18,9%-ы. Ал мәслихаттарда бұл көрсеткіш – 22,7% (3 415 депутаттың 774-і – әйел).
Үкімет деңгейінде де әйелдердің үні бар. 21 министрліктің ішінде 3 әйел министр, 8 вице-министр және 3 аппарат басшысы қызмет атқарып отыр. Президентке тікелей бағынышты 14 мемлекеттік органда 6 әйел жетекшілік етеді. Ал сот жүйесінде әйелдердің белсенділігі ерекше көзге түседі. Атап айтсақ, 1 248 судья – әйел, бұл судьялар корпусының 53%-ын құрайды. Қатаң құқық, қасаң шешімдер арасында нәзіктік пен әділдік қатар жүріп жатыр.
Мемлекеттік қызметте де әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғары – 55,8%-ды құрайды. Бұл дегеніміз, 84 мыңнан аса мемлекеттік қызметкердің жартысынан көбі – әйелдер. Ал басшылық лауазымдарда отырған әйелдердің үлесі – 39,1%.
Айта кетейік, шағын және орта бизнес субъектілерінің 48%-ы – әйел кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл – табысты болуға ғана емес, табыс әкелуге де талпынатын әйелдердің көптігінің айғағы.
Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздік пен отбасы қауіпсіздігі үшін де ерекше құрылымдар жасақталып келеді. Мысалы, ІІМ құрамында зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған арнайы басқарма құрылып, 280 әйел тергеуші өз саласы бойынша жұмыс жасап жатқан жайы бар.