Астанада өткен Қазақстан кубогін грек-рим күресі шеберлері қорытындылады. Жарыстың жалпы командалық есебінде жергілікті апайтөстер көш бастады. Алматы облысы екінші орын алса, қостанайлықтар үшінші сатыға жайғасты, деп жазады Egemen.kz.
Аталған жарыста жеңіс тұғырына көтерілгендер арасында асқан шеберлік танытқан әккі балуандар аз болған жоқ. Әсіресе, Қызылорда мен Қостанайдан келген жігіттерге дән риза болдық. Алғашқы күні бұл командалардың әрқайсы екі алтыннан олжалады. Атап айтсақ, 60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғанлиға тең келер ешкім табылмады. Әлем чемпионатында екі мәрте қола медальді олжалаған оғылан финалда да өзінің мықтылығын мойындатты. Шешуші тұста Сыр бойының саңлағы кәнігі қарсыласы жетісулық Ғалым Қабдунасаровты қос жауырынымен жерге қадады. Айдостың командалық әріптесі Алпамыс Дастанбек 55 кг салмақта топ жарды. Финалда ол астаналық Марлан Мұқашевпен тең түсті. Ереже бойынша ондай жағдайда соңғы әдісті кім жасады жеңіс соған беріледі. Бұл ретте Алпамыстың асығы алшысынан түсті.
Қостанай облысы өкілдері арасынан Юсуп Мациев (97 кг) пен Мансур Шадукаевтың (130 кг) мерейі үстем болды. Небір мықтыларды жолынан ығыстырған Мациев ақтық сында шығысқазақстандық Салават Ахметқалиді жеңді. Бастапқы бәсекелердің бірінде Азия чемпионы Әлімхан Сыздықовқа сан соқтырғаннан кейін-ақ Шадукаевтың енді шашасына шаң жұқтырмайтына сенімді болдық. Ішкі түйсігіміз алдамаған екен. Финалда Мансұр Алматы облысының спортшысы Ақарыс Бердашровтан басым түсті. Тағы бір алтынды астаналық Мерей Маулетқанов (72 кг) олжалады. Бас жүлде үшін тартыста ол Солтүстік өңірден келген Данияр Қаленовты қапы қалдырды.
Келесі күні 63 кг салмақта алматылық Еркебұлан Ардақовтың айы оңынан туды. Финалда ол жарыс қожайыны Асаухат Мұхамадиевтің өрескел қателігін ұтымды пайдаланды. «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер 67 кг салмақ дәрежесіндегі тартысты тағатсыздана күтті. Себебі, бозкілемге шыққан балуандар азулы еді. 24 жастағы Ержет Жарылқасын – 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, оның құрдасы Сұлтан Әсетұлы – 2023 жылғы жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігінің жеңімпазы. Екеуінің де Азия чемпионы деген дардай атақтары бар. Бірақ Жамбыл облысының өкілдері бір-бірмен арпалысуды жөн көрмеді де, әлде Жарылқасынның жарақаты болды ма, әйетуір жеңіс Әсетұлына берілді. Көне Тараздан келген тағы бір балуан Талас Әшірханов 77 кг салмақта алдына жан салмады. Жас спортшының күресі тәсілі мен мәнері және де жеңіске деген құштарлығы өте жақсы әсер қалдырды. 82 кг салмақта Альмир Төлебаев топ жарды. Финалда Алматы облысының апайтөсі тәжірибелі Қаһарман Қисметовті қапы қалдырды. 72 кг салмақта Мерей Мәулетқановқа ешкім қарсылық көрсете алған жоқ.
87 кг салмақтың финалдық сайысында астаналық Мақсат Сайлау мен солтүстікқазақстандық Ислам Евлоев күш сынасты. Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел біріншілігінің бас жүлдесі үшін тартыста дәл сол спортшыдан Мақсаттың мысы басым болды. Бұл жолы екеуі де аянған жоқ. Бәсеке барысында кесек әдістердің сан-алуан түрін көрдік. Таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Бірде Сайлау, бірде Еволоев алға шықты. Ең өкініштісі, сын сағатта бозкілем иесінің еске жарақаты сыр берді. Соның салдарынан ол жеңісті уысынан шығарып алды. Сан сыі көрерменге керемет эмоция сыйлаған жан алысып, жан беріскен аяқталуына 10 секунд қалғанда Ислам қарсыласын кеудесінен аса лақтырып, айқын жеңіске қол жеткізді. Сөйтіп, Қарағандыда жіберген есесін қайтарған Евлоев ел кубогын иеленді. Мақсат күміс медальді қанағат тұтты.