Елтаңба – мемлекеттің тарихи тамырын, мәдени мұрасын айшықтайтын елдік нышан. Осынау қасиетті рәміз әр елдің рухани болмысынан хабар беріп, танымынан сыр шертуі тиіс. Бірлік пен ұлттық рухтың символы саналатын төл Елтаңбамыз 1992 жылы 4 маусымда қабылданған болатын, деп жазады Egemen.kz.
Егемендікпен еңсе тіктеген жас мемлекеттің өз рәміздері қабылданар тұста, арнайы жұмыс тобы жасақталып, елтаңба, ту, әнұран жобаларына байқау жарияланған. Бұл – 1992 жылдың алғашқы тоқсаны еді. Қаншама таланттар төбе көрсеткен тарихи байқауда бағы жанған сәулетші Жандарбек Мәлібеков осынау мерейлі сәтті жадынан шығарған емес. Ол байқауға ташкенттен қатысып, 173-ші болып эскиз жолдаған. Автордың айтуынша, Елтаңба идеясы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін терең зерттеуден туындаса керек. Ондағы шаңырақ, уық, қанатты пырақ элементтері ұлттық болмысты бейнелейді.
«Ол кезде Самарқандағы халықаралық қордың Әмір Темір цитаделі жобасына жарияланған байқауға қатысып жатыр едім. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті қолыма тиді. Онда Қазақстан рәміздеріне байқау жарияланғаны жазылыпты. Сол уақытта тарихи археологиялық кітаптарды оқып, терең ойдың жетегінде жүрген болатынмын. Барлық қосымша жобаларды жиып қойып, Елтаңбаның сызбасын сызуға кірістім. Оның идеясы бір ай ішінде ойыма келді. Ақиқатында қасиетті Отаныма, туған жеріме деген перзенттік парызым мені алға жетеледі. Сөйтіп өзге елдердің елтаңбаларын қарадым, зерттедім. Біздің мөрімізде халқымыздың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау алатын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көрсетуді көздедім. Осы мақсат миымның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақтың күнделікті тұрмыста айтылатын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қайта жаңғырды. Осылайша мемлекетіміздің Елтаңбасында халқымыздың ең киелі ұғымы шаңырақты бейнелеуге белді бекем байладым. Өзбек мемлекеттік қала құрылысы мекемесіндегі негізгі жұмысыммен қатар байқаудың талаптарына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне апарып тапсырдым. Жалпы, байқауға 293 жоба тапсырылыпты. Солардың ішінен менің жобам жеңіп шықты», деп еске алады Ж. Мәлібеков.
Елтаңбамыздың тағы да бір авторы ретінде Шот-Аман Уәлихановтың есімі аталады. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа ұшқанда Уәлихановтың Елтаңба жобасын өзімен бірге ала кеткен. Елтаңба авторымен рухани байланыста болған тұңғыш ғарышкер Ш. Уәлиханов көзі тірісінде осы сәтті тебірене айтып, «оның жолын сен аштың» деп ризашылық білдіргенін еске алады. 1996 жылы Қазақстан республикасының жаңа мемлекеттік елтаңбасы бойынша өткен байқауда Сәулетшілер одағының алтын медалін еншілеген Шот-Аман Уәлиханов елдік нышанның идеялық және көркемдік шешіміне елеулі үлес қосқан.
Төл Елтаңбамыз дөңгелек пішінді, көгілдір түс аясында орналасқан. Ортасында — шаңырақ бейнесі бедерленіп, одан күн сәулесіндей тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың екі жағында – аңыздардағы қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Барлық элементтер алтын түспен көмкерілген. Шаңырақ – бірлік пен тұтастықтың, отбасы мен Отанның символы болса, уықтар – әрбір азаматтың елге қосқан үлесін білдіреді. Қанатты пырақтар – еркіндік пен қиялдың, болашаққа ұмтылыстың белгісі. Ал, бес бұрышты жұлдыз – жарқын болашаққа деген сенімді білдіреді.
Профессор Серік Негимов Мемлекеттік рәміздер ұлы даламыздың эпосы, символы, философиясы деп сипаттайды. Ол рәміздердің әрбір элементі терең мағынаға ие екенін, оларды түсіну арқылы ұлттық сана мен рухты нығайтуға болатынын айтады. Ендеше, Елтаңба – халқымыздың тарихы мен мәдениетін, болашаққа деген үмітін бейнелейтін қасиетті рәміз, ұлттың рухани байлығы.
Алматы