Атырау тұрғындарының арманы – таза ауамен терең тыныстау. Алайда қойнауы «қара алтынға» толы өңірдің экологиясы нашар, ауасы ластанған. Шаңды дауыл жиі көтерілетін мұнайлы өңірді жасыл желекпен көмкеру көкейкесті мәселеге айналды.
Атырау облысында қауіптілігі І санатқа жататын 83 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде қоршаған ортаны ластайтын негізгі компаниялар тобына «Теңізшевройл», «NCOC», «АМӨЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Атырау ЖЭО» АҚ еніп отыр.
Былтыр қоршаған ортаны қорғау заңдылығының сақталуына 45 мәрте тексеріс жүргізілді. Тексеру қорытындысымен 101 заң бұзушылық анықталды. Табиғаттың тазалығын бүлдіргендерге 42 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұлдың 26,1 млрд теңгесі өндірілді. 5 компанияға ауа сапасын бақылау мақсатындағы автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату көзделген. Қазір бұл жүйенің төртеуі іске қосылды. Еліміздегі өзекті мәселенің қатарында қалдықтарды өңдеу де бар. Өңірде 168 заңсыз қоқыс орны анықталды. Осы кезге дейін оның 125-і жойылды. Қазір 7 компания қалдықтарды өңдеу, сұрыптау жобаларын жүзеге асырып жатыр. Жобалардың жалпы құны 7 млрд теңгені құрайды», деп мәлім етті Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, жергілікті әкімдік пен ірі мұнай-газ компаниялары арасында меморандум жасалған. Мақсат – кәсіпорындарды жасыл желек отырғызуға тарту.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, меморандумға сәйкес көгалдандыру жұмысын 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім аралығында жүргізу жоспарланған. Бұған қоса 2023 жылы Атырау облысы әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында 3 жыл ішінде Атырау қаласының аумағына 10 мың көшет егу жөнінде меморандум бар.
Атырау қаласының маңындағы Талқайраң ауылы аумағынан бөлінген 20 га жерді 2024 жылғы көктемде су басып кетті. Осыған байланысты меморандум аясында 5 мың көшет зауыттың санитарлық-қорғаныш аймағындағы үш аумаққа – 32,9, 17,7, 5 га жерге отырғызылды. Енді тағы 5 мың талды биыл күз айында отырғызу жоспарланып отыр.
Тараптар арасында қол қойылған меморандум аясында 2021–2024 жылдары 318,2 га жерге 303,5 мың дана көшет отырғызылған. «Теңізшевройл» ЖШС 647 га жерді көгалдандыруды жоспарлаған екен. Алайда аталған компания осы кезге дейін 19,7 га аумаққа 11,8 мың көшет егіпті.
«NCOC» (North Caspian Operating Company N.V) компаниясына көшет егуге 308 га бөлінген. Компания 248 гектарға 248 мың көшет отырғызып, жоспарын 80,5% орындап отыр.
Ауаның тазаруына ықпал ететін көшет егу ісіне мұнай-газ өнеркәсібіндегі отандық компаниялар да тартылған. Алайда олардың тарапынан бөлінген аумақты көгалдандыру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ 241,3 га аумақты көгалдандыруды жоспарлады. Осы кезге дейін Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Талқайраң елді мекені мен Мақат ауданының Доссор кенті аумағында 45,5 гектарға 38,7 мың көшет екті. Жоспарланған жұмысты орындау көрсеткіші – 18,8%. «АМӨЗ» ЖШС 860 га жерді жасыл желекке бөлеуді жоспарлап, 5 гектарға 5 мың дана көшет отырғызды. Зауыттың бөлінген аумақты көгалдандыру жоспары 0,5% орындалды.
2024 жылғы көктемде егілген көшеттерді тасқын су басқан. Бұл жас өскіннің шығымдылығын жоғалтуына себеп болған. Осыған байланысты 2024 жылғы 16 қазанда 2024–2030 жылдарға арналған меморандумға толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес көгалдандыру жұмыстары Атырау қаласында 90 га, Жылыой, Мақат, Исатай, Қызылқоға аудандарында қосымша 20 га жерде атқарылатыны қарастырылды. Меморандумның талабын орындау мақсатында 2024 жылғы қазан-қараша айларында Доссор кентінде 1,1 мың көшет отырғызылған.
«Биыл бұл жұмысты жалғастыру көзделіп отыр. Жыл соңына дейін 17 гектарға көшет егу қарастырылған. Қазір Атырау қаласының аумағынан бөлінген 5 га жерге 4,5 мың тал отырғызылды. Исатай, Мақат, Қызылқоға, Жылыой аудандарынан бөлінген 12 гектарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Күзгі мезгілде бұл аудандарда 9 мың жасыл көшет отырғызу жоспарланған. Бұған қоса «NCOC» компаниясы 60 га жерге 60 мың, «Теңізшевройл» ЖШС 52,7 га жерге 42 мың тал егуді көздеп отыр», деп мәлімдеді басқармадан.
Атырау облысы