• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Экология Кеше

Таза табиғат – ұрпаққа аманат

70 рет
көрсетілді

1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблея­сының шешімімен бекітілген атау­лы күн әлем халықтарының назарын қоршаған орта проблемаларына аударады. Жер-жаһанға, табиғи ресурстарға қамқор­лық жасаудың маңыздылығын тағы бір еске салады. Ауаның, судың, топырақтың ластануы, биоалуантүрліліктің жоғалуы, климаттың өзгеруі, экологияның адамзат тыныс-тіршілігіндегі алатын орны мәселелерін кең көлемде талқылауға, көп болып шешуге арналады.

Мемлекет басшысының халыққа  Жол­дауын­да: «Біз қоғамда қоршаған ор­таны қор­ғаудың мән-маңызын кеңінен дәріп­теуіміз керек. Халықты экология­лық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Үкі­мет осы бағытта нақты шаралар қабыл­­­дауға тиіс. Бұл салаға озық техноло­гия­ларды кеңінен енгізу жұмысын жал­ғас­тыру қажет. Табиғатты ластайтын қал­дық­тарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды», деген еді.

Кейінгі жылдары еліміздің эко­логиялық мәселелерін шешуге, ауаның ластануын ғана емес, сондай-ақ суасты қоймаларының да ластану жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді бағдарлама қолға алынып, жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, өндірістік кәсіпорындар қалдықтары көлемін азайту, атмосфераны ластайтын зиянды заттар деңгейін азайтатын заманауи тазарту жүйесін көптеп орнату, жанармаймен жүретін көліктерді атмосфераға көп зияны жоқ электр көліктеріне алмастыру сынды жұмыстарға мемлекеттік маңыз беріліп, сапалы атқарылуы тұрақты бақылауға алынған. Биыл 10 қалада ауаның ласта­нуын жоғары көрсеткіштен орташаға дейін төмендетуді көздейтін «Жол картасын» жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыхалықтық сипат алды, барша тұрғындарды тазалық, тәртіп, экологиялық мәдениет идеясы айналасына біріктірді. «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза жағалау» сынды экологиялық шараларды күнделікті, тұрақты дағдыға айналдырды. Акция барысында 121 мың тоннадан астам қалдық жиналды, 584 мың гектардан астам аумақ тазартылды, 1,7 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Іс-шараларға шамамен 1,4 млн адам, оның ішінде 82 мың ерікті қатысты.

Осы кезде жиі сөз болып жүрген «жасыл» энергетика – болашақтың қуаты, тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздіктің негізі. Жел, күн, су секілді жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы көміртекті азайтуға жол ашылады. 2060 жылға қарай еліміз көміртекті бейтарап ел болуды мақсат етіп отыр. «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы қабылданды. Бірнеше күн, жел электр стансалары, мысалы, Ерейментаудағы жел паркі, Қапшағай күн электр стансасы іске қосылды. «Жасыл» энергетика – табиғат пен адам арасындағы үйлесімді сақтаудың жарқын жолы, экологиялық мәдениеттің, жауап­кершіліктің белгісі.

Еліміздің орман қоры аз, ел аумағының тек шамамен 5%-ын орман алып жатыр. Сол себепті орманды көбейту – стратегиялық маңызды мін­дет. 2021 жылдан бері ел көлемінде 877,5 мың  га алқапқа 1 369,7 млн ағаш отырғызылды. Оның ішінде, биылғы көктемде 141 мың гектар алқапқа 225 млн көшет егілді. Күзгі маусымда 153 млн ағаш­ пен бұта егіледі деп жос­парланған.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу – өзекті экологиялық, әлеуметтік, экономикалық мәселенің бірі. Халық саны мен тұтыну деңгейінің артуына байланысты жыл сайын қоқыс көлемі көбейіп келеді. Елімізде жылына шамамен 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Олардың шамамен 20%-ы ғана қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға жө­нелтіледі немесе заңсыз төгіледі. Осы­ған байланысты тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін зауыттар санын көбейту қажет. Заңсыз қоқыс төгуге қатысты қатаң жаза енгізу, қайта өңдеуге ынталандыратын салық, субсидия жүйесін жасау, экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру керек. Тұрмыстық қалдық мәселесін шешу – тек мемлекеттің емес, әр азаматтың жауапкершілігі.

Қазіргі дүрбелеңге толы әлемде, қоғамда экологиялық сауаттылық пен мәдениетті арттырудың мән-маңызы да ерекше. Табиғатты қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану, қалдықтарды азайту – бәрі-бәрі экологиялық білім мен мәдениетке тікелей байланысты. Осы тұрғыда кейінгі кездері мектептер мен жоғары оқу орындарында экология, қоршаған ортаны қорғау, қалдықты басқару жөніндегі пәндер жоспарлы түрде оқытылып жүр. Қалың бұқараны қоқысты сұрыптау, пластик пен суды үнемді пайдалану, ағаш отырғызу секілді қарапайым іс-әрекеттерге дағдыландыру мақсатында «Таза Қазақстан», «Жасыл ел» секілді жобаларға барша буын өкілдері кеңінен тартылып келеді. Экологиялық сауаттылық – тек білім емес, мәдениет пен өмір салты, адамдардың саламатты өмір жолында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен үйлесімді қарым-қатынас жасай білуі. Ол күнделікті ты­ныс-тіршілігіміздегі іс-әрекеттің бәрін біріктіреді. Өз денсаулығымызды күтуден бастап, жер-жаһанның тыныштығын, қоршаған ортаның қалыпты сақта­луын қамтамасыз етуге дейінгі ізгіліктің бәрін қамтитын экологиялық жарасым жолындағы күрес әлеуметтік әділеттілік жолындағы күреске айналғаны жөн.

Еліміздің экологиялық болашағы әр азаматтың саналы әрекетіне тікелей байланысты. Табиғатты қорғау – болашаққа қамқорлық, ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. «Таза табиғат – ұрпаққа аманат» деген ұстаныммен әрекет ету – баршамыздың ортақ парызымыз. 

Соңғы жаңалықтар