Көзілдіріктің қай уақытта пайда болғаны жөнінде нақты ақпарат осы күнге дейін белгісіз. Тарихшылар ежелгі көзілдіріктерді ХІІІ ғасырдың аяғында Италияда өмір сүрген Сальвино Д’Армата ойлап тапқан деп болжайды.
Көзілдіріктің күннен қорғауға, оқуға, ұсақ нәрсені ұлғайтып көруге арналған түрлері бар. Еуропа елдерінде көзілдірік ХІV ғасырдың басында кеңінен тарала бастады. Ол кезде ауқаттылар көзілдірікті қажеттілік үшін емес, өздерінің мәртебесін көтеру мақсатында қолданған. Ал алғашқы күннен қорғайтын көзілдірікті Қиыр Солтүстік пен Азияның, сонымен қатар Американың ежелгі тұрғындары ойлап тауыпты. Олар оны жануарлардың сүйегінен жасаған екен. Ал Қытай жерінде ежелде күңгірт көзілдірікті Қытайда сот үкімін оқитындар киіпті. Бұл жаза алушылар мен куәгерлер сот үкімін оқитындардың көзінен олардың ішкі жан-дүниесін танып қоймау үшін қажет болған деседі.
Әлеуметтік желіде күннен қорғайтын көзілдірікті алғаш жасаушылар – эскимостар деген де дерек кездеседі. Олар қардан шағылысқан полярлық күннің көзге әсерін қандай да бір жолмен азайту үшін көз алдында саңылаулары бар сүйек тақталарын киетін болған.
Алматыдағы сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің музей-үйінің қорында жазушының өзі пайдаланған бұйымдары, кітаптары, қолжазбалары, қойын кітапшалары, көзілдіріктері, т.б. сақтаулы. Әр зат өзіндік ерекшелігімен қызықтырады. Сондай жәдігердің бірі – жазушының көзілдірігі. Материалы – шыны, пластик, металл. Көзілдірік бірыңғай қоңыр түсті пластик материалынан жасалып, жақтауы мен құлаққа ілетін тұсы темір шүріптермен бекітілген. Көзілдіріктің ерекшелігі сол жақ құлаққа ілетін тұсына «Электроника» АС-В. 3849007» есту аппараты орнатылған. Қосу, ажырату тетігі бар. 80-жылдары арнайы тапсырыспен зауытта жасалған. Жазушы өмірінің соңғы жылдарында пайдаланған. Музей қорына 2021 жылы жазушының қызы Гүлнәр Ғабитқызы Мүсірепова тарту еткен. Бұл күнде көзілдірік Ғабеңнің жұмыс үстеліне қойылған.
Рашида ОТАР,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ