• RUB:
    6.44
  • USD:
    507.8
  • EUR:
    580.82
Басты сайтқа өту
Ауыл Кеше

Терісаққандағы тіршілік

80 рет
көрсетілді

Ұлытау ауданына қарайтын Терісаққан ауылдық округінде 407 тұрғын бар. Бәрі де тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауыл азаматтары мектеп, әкімшілік, клуб үйінде еңбек етіп, нәпақасын табады. Көбі мал шаруашылығымен айналысады. Биыл Терісаққандағы «Мұрагер» шаруашылығы 150 гектарға жоңышқа еккен. Атаулы әлеуметтік көмекке әзірге ешкім жүгінбепті.

Осындай қоңырқай тір­шілік кешіп жат­қан ауылда күн жы­­лына сала жөндеу жұмыста­ры қол­ға алынды. Сәуірдің соңын­да Те­ріс­аққан – Қоскөл бағы­­тын­дағы аудандық дә­ре­­же­дегі 45 шақырымдық тас­­жолда ағымдағы жөндеу жұ­­мыс­тары басталды. Жол жөн­деуге аудандық бюд­жет­тен 52 млн теңге бөлін­ген. Жауапты мердігер – «Construc­tive Stroy KZ» ЖШС.

Қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Негізінен жолдың аласа бөліктерін көтеру, қосымша суағарлар қою және жаңбыр кезінде батпақ болатын жол бөліктеріне езілмейтін материал төсеу жұмыстары жүргізілмек. Былтырғы су тасқынында шайы­лып кеткен жерлерді қалпына келтіру өте маңызды.

Таулы аймақ болған соң, жол жөндеу мәселесі де күрделі. Мұнда Тобылғы сай және Ақтан сай деген сайлар бар. Тобылғы сайдағы екі сайдың ортасы – 3 шақырым, Ақтан сайдың арасы – 5 шақырым. Осы сайларды қыста үнемі қар басып қалады. Салдарынан екі сайдың ортасында көліктер қар тұтқынына жиі түсіп жатады. Қазір техниканың бәрі осы жерлерді биікте­ту жұмысына жұмыл­дырылған. Бір сайдың өзіне кем дегенде 300 КамАЗ-дан артық топырақ төгіледі.

«Күрделі жерлерге көп көңіл бөліп жатырмыз. Қолда­ныстағы гридер жол­дың ені кей жерде – 9 метр, кей тұсы 12 метрге дейін барады. Гридер отырған. Сай тереңдей береді. Соны теңестіруге көп қаржы, тех­ни­ка, топырақ керек», дейді Терісаққан ауылдық окру­гінің әкімі Жантөре Ғазизұлы.

Көшені жарықтандыру жұмысы да назарда. Осы бағытта ауылдың кіреберіс Желдіадыр, Ұлытау, Шең­бер көшелеріне 46 дана жарық бағаны орнатылды. Аудандық бюджеттен 11 млн теңге бөлініп, бұл жауапты жұмысты Шымкент қаласының «Қуаныш Рай» мердігері мойнына алған.

 

Ұлытау облысы