• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Маусым, 2025

Парламентаралық байланыстың байыпты кезеңі

70 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті Мәжілі­сінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу Астана­да Қазақстан – Қырғыз­стан парламентаралық ынтымақ­тастық кеңесінің үшінші отырысын өткізді. Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық байланысты дамыту бойынша жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылады.

Жогорку Кенеш делегациясын қарсы алған Мәжіліс спикері қазақ пен қырғыз халықтарын ежелден ортақ тарихы, ұқсас тілі, салт-дәстүрі мен мә­дениеті біріктіретінін атап өтті. Ал екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қа­рым-қатынастың тамыры тереңде жатыр.

– Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың салиқалы саясатының, өзара түсіністік пен достығының арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді. Біздің көшбасшыларымыздың екіжақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді. Біздің ендігі мақсатымыз – осы екпінді сақтап, одан әрі нығайту, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері Президенттер ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды жүзеге асыру үшін нақты міндеттер жүктегенін баса айтты. Оның негізгілерінің бірі – 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар ай­налымын 3 млрд долларға дейін жеткізу. Мәжіліс екі апта бұрын рати­фи­ка­циялаған Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта ынтымақтастықтың жаңа институционалдық негіздері айқын көрсетілген.

– Бұл ауқымды құжат парламент­аралық байланысты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Біздің парламенттерге жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын қадағалау функциясы жүктелген. Осы ретте екі ел үкіметі белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде біздің парламенттер оларды заңнамалық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етіп жатыр, – деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ ол қазақ-қырғыз қарым-қа­ты­насының барлық саласын қамти­тын 150-ден аса құжаттан тұратын берік шарттық-құқықтық базасы қалыптас­қанын айтты. Олардың ішіндегі ең маңыз­дылары – Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері маңында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісім.

Өз кезегінде Нурланбек Тургунбек уулу екіжақты мәселелерді шешуде Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлін ерекше атап өтті.

– Бүгінгі Парламентаралық кеңестің отырысы – жай ғана жоспарлы кездесу емес. Бұл – екі жақын мемлекеттің арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтің жалғасы. Осы тұрғыда парламенттік диалогтің орны ерекше. Парламенттер халықтың мүддесін қорғайды. Демек парламентаралық ынтымақтастық арқылы өзара түсіністікті қолдап қана қоймай, оны тереңдете аламыз. Бірлескен іс-әрекеттер арқылы ортақ мүдделерді халықаралық алаңдарда қорғауға мүмкіндік жасаймыз, – деді Жогорку Кенеш төрағасы.

Кеңес отырысы барысында депутаттар сауда-экономика және логистика салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан – Қырғызстан шекарасындағы Индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылысын одан әрі жүзеге асыру, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ Алматы – Ыстықкөл автожолын салу жобасы бар.

Сонымен қатар тараптар екіжақты форматта және Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі, ТүркПА және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыста инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселе­лері, туризм, экология және климат­тың өзгеруі салаларындағы жобалар да қарастырылды. Мәжіліс спикері Қырғыз­станның мұздықтарды сақтау және халықаралық тау диалогін белсенді дамыту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын айтып, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырды.

Сапар барысында Жогорку Кенеш төрағасы Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің құра­мына кіретін «Jibek Joly» респуб­ли­калық телеарнасында болды. Нур­ланбек Тургунбек уулуна телерадио­компанияның негізгі жұмыс бағыттары мен «Silk Way Central Asia» халықаралық медиа жобасы таныстырылды. Жобаның мақсаты – Орталық Азияда біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру және жаһандық медиа алаңда аймақ елдері­нің мүдделерін ілгерілету. «Silk Way» телеарнасы алты тілде, соның ішінде қырғыз тілінде хабар таратады. Хабар тарату аумағы 300 млн-нан аса әлеуетті аудиториясы бар 120 елді қамтиды. Алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның ұлттық телекомпанияларымен контент алмасу және әріптестік қарым-қатынасты дамыту жоспарланып отыр.

Сапар аясында парламенттер делегациялары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрына барды. Қонақтардың назарына Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасы бойынша Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қойған «Қызыл орамалды шынарым» драмасы ұсынылды.