Қарағанды облысында кәмелетке толмаған үш баланың жолда кетіп бара жатқан ГАЗель автокөлігіне жармасып, жол бойымен қозғалған сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады, деп жазады Egemen.kz.
Оқиға жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен қатар балалардың өміріне қауіп төндірген. ІІМ қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп тәртіп бұзғандардың жеке басын анықтады.
Олар 10-11 жас аралығындағы мектеп оқушылары болып шыққан. Барлық бала заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Балалардың ата-аналары бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Іс бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданған. Енді жасөспірімдер мектепішілік есепке алынады.