Әзербайжанда әкесін атып өлтірген жасөспірімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz APA агенттігіне сілтеме жасап.
Қанды оқиға 2024 жылдың 17 желтоқсанында Сальян ауданына қарасты Ени Улуханлы ауылында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, отбасындағы жанжал кезінде жасөспірім аңшы мылтығын пайдаланып, өз әкесін атып өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйітті бөлшектеп, ауыл іргесіндегі коллекторға тастаған.
Оқиғадан кейін, 2024 жылдың 19 желтоқсанында әкесінің жоғалғаны туралы полицияға ресми арыз түсткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның бөлшектелген денесі табылып, тергеу жұмыстары басталған.
Тергеудің алғашқы кезеңінде марқұмның әйелі кінәні өзіне алып, күйеуін өзі өлтіргенін мәлімдеген. Алайда тергеу барысында жиналған дәлелдер мен сараптамалар оқиғаның мүлде басқаша өрбігенін көрсеткен. Яғни, қылмысты жасаған адам әйелі емес, олардың ұлы болып шыққан.
Сотта жасөспірімнің кінәсі дәлелденіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот үкімі заңды күшіне енді.