• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Инвестиция Кеше

Ахуалды дұрыс бағамдай аламыз ба?

50 рет
көрсетілді

2025 жылы қаңтар мен сәуір аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция 4,4 трлн теңгеге жетті. Сөйтіп, жылдық мәнде 13,7%-ға ұлғайды. Дегенмен мұндай әсерлі өсім негізінен өткен жылғы төмен базаның әсерімен, сондай-ақ экономиканың бюджеттік секторларына күрделі салымдардың айтарлықтай артуымен байланысты. Бұл ретте негізгі өндіріс салаларында не қалыпты өсу қарқыны, не инвестиция көлемінің төмендеуі байқалды.

Өндіруші сектордың құлды­рауы аясында өңдеу өнеркәсібі оң динамика көрсетті: есепті кезеңде инвестиция көлемі 34,3%-ға өсті.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, бюджет қаржысына деген шамадан тыс бейімделушілік жағдайды оң бағытқа қарай бұрмайды. Яғни нарық қатысушыларының өз беттерінше ұзақмерзімді жеке капиталды тартуға қатысты ынтасын төмендетіп жіберуі ықтимал. Сондай-ақ қатысушылардың ықы­ласы кеміп, инновациялық белсенділігі де төмендейді.

«Сонымен қатар қатаң ақша-несие саясаты және жоғары пайыз­дық мөлшерлемелер жағ­дайында жеке қарыз алу мүмкін­діктері шектеулі болып қалады. Бұл өз кезегінде қаржыландыру құрылымындағы теңсіздікті тудырады. Қысқа мерзімдік бағдармен, жоғары инфляциямен және экономикалық факторлардың күшті құбыл­малылығымен сипатталатын қазіргі макроэко­номикалық жағдайда инвести­циялық бел­сенділік шектелген күйінде қа­лып отыр. Жоспарлау көк­жиек­тері тарылып, сыртқы және ішкі тәуекелдер жоғары деңгейде бол­ғанда бизнеске стра­тегиялық жос­парларды құра­с­тыру қиын. Мұндай ортада ұзақмерзімді инвестициялау мәселесі үлкен белгісіздікке ұрынады. Сал­дарынан компаниялардың өз ресурсын өндіріс ауқымын кеңейтуге, технологияны жаңар­туға және жаңа нарықтарды игеруге қаржы бағыттауға қатысты дайындығы да төмендеп кетеді», дейді сарапшы.

Андрей Чеботаревтің пікірін­ше, өсудің қазіргі моделін қалып­тастыруда мемлекеттік қолдау ерекше рөл атқарады, ол ауқымы мен қамтылуына қарамастан табиғаты тұрғысынан уақытша және компенсациялық сипатта болады.

«Экономикалық агенттер­дің көпшілігі іскерлік белсен­діліктің қазіргі кеңеюі кө­біне экономиканың ішкі тұ­рақ­тылығынан гөрі фискалдық ынталандыруға байланысты екенін жақсы түсініп отыр. Бұл тұрақты бизнес үлгілерін құрудың орнына қысқамерзімді пайда табуға бағытталған мінез-құлықты қалыптастырады», дейді қаржыгер.