• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

«Келешек мектептері» – тең мүмкіндік пен кәсіби бағдар

70 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024–2025 жылдары 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп іске қосылады. Бұл бастама білім саласындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті жойып, оқушыға жайлы орта мен сапалы білім көздейді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жобаның ауқымы мен ерекшелігі туралы толығырақ айтып берді.

– Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жоба­сының негізгі мақсат-міндеттері орындалып жатыр ма? Осы арқылы қандай түйткілді мәсе­лелер шешімін табады?

– «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім ұйымдарын құру. Жоғары сапалы білім стандарттарын жаппай енгізу арқылы әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға тең мүмкіндік жасау. Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Келешек мектептерінің» 40%-ы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. «Келешек мектептерінің» басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім кеңістігі жасалған. Бұл мек­теп­тер­дің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Сондықтан мектептегі орын тапшылық мәсе­­лесі біртіндеп шешілетін болады.

– Заманауи технологиямен жабдықтау және қауіпсіздік жүйесіне тоқталып өтсеңіз?

– Мектептерде роботтехника каби­неттері, STEM-зертханалар, хо­рео­графия залдары, коворкинг ай­мақтары, 4 спорт залы бар, за­манауи пәндік кабинеттер, ал­ғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарас­тырылған. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиын­тығы қамтамасыз етілген. Бұның бар­лығы ұстаздардың жұ­­мы­сын жеңіл­детіп, оқушы­­лардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген.

– «Келешек мектептерінің» қандай артықшылығы бар?

– Қарым-қабілетіне қара­мас­тан кез келген балаға жағдай жа­сал­ған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар жет­­­кін­­шектер үшін де жеке санитар­­лық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарас­тырылған. Сондай-ақ мұғалім­дер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуы­на жол ашады. Білім барысында Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негі­­зін­де оқушыларды әділ­дікке, еңбекқорлыққа және адам­гер­шілікке баулитын құн­ды­­лықтар жүйесі қалып­­­тас­қан. Мек­тептегі білім үде­рісі тек оқыту емес, өмірге бейім­­деу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамы­­­туға бағытталған. Бұл мектептерде балалардың бо­­­йында эко­логиялық мәдениетті қалып­­тас­­ты­ру, қоршаған ортаны қорғау, ресурс­­­­­тарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағ­­дыларын дамытуға ерекше мән беріледі. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мек­­­тептен бас­тап бойына сіңіру­­ді көздейді.

Жобаның негізгі басымдық­­тарының бірі – оқушыларға ерте жас­тан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сынып­тарда түрлі мамандық иелері­мен кездесулер, арнайы апталықтар ұйым­­­­дас­ты­рылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп отыр.

– Жоба бойынша кадр саясаты қалай жүргізіледі?

– Жобаның басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен әдіс­терді тиімді қолдана алатын білік­ті мұғалімдермен қам­та­ма­сыз ету. «Келешек мектептерінде» педагогтердің кәсіби даму үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Осы мақсатта мұғалімдерге арнал­ған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленді. Бүгінгі күні 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтті.

«Келешек мектептері» моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер, және басқару шешімдері бүкіл республика бо­йынша таратылады.

 

Әңгімелескен –

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan»