• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Сенат Кеше

Маңызды заңдар топтамасы мақұлданды

20 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалы­ғы­мен палата отырысы өтіп, сенаторлар тұр­ғын үй құрылысына, авто­мо­биль жолдарына және мүге­дектігі бар адамдар­ды та­сы­малдау қызмет­терін көрсетуге, азамат­тық қорғау органдары қыз­мет­керлері мен ерікті өрт сөндірушілерді әлеумет­тік қол­дау шараларын артты­ру­ға қатысты маңызды заң­дар топтамасын қарады.

Палата депутаттары алдымен «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (ЕТДҚ) толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру траст-қорларды пайдалануға мүмкіндік береді. Осы ретте нақты жобаларды өтеусіз қаржы­ландыру мақсатымен ныса­налы жар­на­лардан қалыптас­тыру оның ерекшелігі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ ЕТДҚ-ға мүше елдер үшін неғұрлым зама­науи модельдік аппарат­тарды қолдана отырып, жүйе­лі макроэкономикалық мони­­торинг және ЕТДҚ-ға қаты­су­шы мем­лекеттердегі макро­эко­но­­ми­калық ахуал мен перспек­тива­ларға бағалау жүргізу көзделген.

Отырыс барысында депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Оның негізгі мақсаты – тұрғын үйге қатысты жасалатын келісімдердің ашық­тығы мен қауіпсіздігін арттыру, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұру жағдайларын жақ­сарту және автожол саласын жаңғырту.

«Мақұлданған заң үлестік құрылыс саласында мемлекет­тік реттеуді күшейтуді көздей­ді. Осы мақсатпен үлескерлер­дің құқық­тарын қосымша қор­ғау­ды қамтамасыз ететін түзету­лер топтамасы енгізілді. Заңда мү­гедектігі бар адамдарды та­­сы­­малдауға қатысты қыз­метті оңтайландыруды көздей­тін өзгерістер де бар. Соны­мен қатар автомобиль жол­дарын мемлекеттік басқару­дың негіз­дерін жетілдіруге бағыттал­ған ережелер қарастырыл­ды. Жалпы, заң үлескерлерді сенім­сіз құрылыс компания­лар­ы­нан қорғауға, ерекше қажет­тілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және басқа да өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Нақты айтқанда, белгіленген міндеттерді іске асыру үшін салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға, сондай-ақ үлескерлердің ақшасын тарту­ға рұқсатсыз жарнамалауға тыйым салынады. Бұған қоса салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақша­сын тартудың заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы ор­гандардың мониторинг жүр­гізуі және үлестік құрылыс кезінде құрылыс жүргізушілерге қойылатын талаптарды төмен­дету көзделген. Әлеуметтік қыз­мет­тер порталы және мем­лекет­тік сатып алу арқылы инва­таксиге қол жеткізуге, көрсе­тіле­тін қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге арналған түзетулер де енгізілді.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне аза­маттық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қарап, мақұлдады. Оның негізгі ережелерінің қата­рын­да азаматтық қорғау орган­дары қызметкерлерінің мәрте­­бесін бекіту, әлеуметтік жағда­йын арттыру, сейсмикалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету, сейс­мо­ло­гиялық бақылау желі­сін және ерте хабарлау жүйесін кеңейту әрі жаңғырту бағыт­тарын қамтитын нормалар бар.

«Мақұлданған заң азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған нормалар бар. Түзетулер аясында жаһан­дық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды азайту үшін құрылатын республикалық жедел штабтың қызметі де белгіленді. Сондай-ақ өзгеріс­тер азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеу­мет­тік қор­ғалуын күшейту­ге негіз бола­ды. Заңда электр энергия­сын өндіру секторының инвес­тициялық тартымды­лығын қамтамасыз етуді және мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жетілдіруді көздейтін нормалар да қарастырылған», деді спикер.

Осы орайда енді өрттің алдын алуға және сөндіруге бай­ланысты іс-шараларға ерікті өрт сөндіруші ретінде қатысу­ға жұмылдырылған қызмет­керлердің еңбек кепілдіктері сақталатынын да атап өткен жөн.

Сонымен қатар палата отырысында «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» заң және оған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметі, сондай-ақ Арал маңы­ның қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да екі оқылымда қаралды. Ондағы нормалар нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Қордың білім беру, ғылым, инновациялық қызмет және бұқаралық спорт салаларында қолдау көрсететін мақсаттары мен міндеттері де айқындалды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және халықты әлеуметтік қорғау бағыттары да басты назарда болады. Талқы­лау нәтижесінде депутаттар заңдарды мақұлдады. 

Соңғы жаңалықтар