Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен үздік дәрігерлер, денсаулық сақтау қайраткерлері, түрлі бағыттағы мамандар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау саласының 68 өкілі «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын ел алдындағы ерекше еңбегі үшін биыл 8 дәрігер иеленді.
2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен дәрігерлерді кешенді — заңды, қаржылық және кәсіби қорғауға бағытталған заң қабылданды.
Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысы «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын тағайындады, ол дәрігерлерге деген ерекше құрмет символына айналды.
Бүгін медицина қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент соңғы бес жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы екі есеге жуық өскенін атап өтті. Бейінді университеттер мен колледждерде стипендиялар ұлғайды. Сондай-ақ білікті дәрігерлерде тәлімгерлікті ұйымдастыру және жас мамандарды одан әрі бейімдеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр.
Биылғы жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына 8 дәрігер ие болды, оның ішінде: Тұрсынгүл Көбжасарқызы Ботабекова, «Қазақстандық офтальмологтар қоғамы» РҚБ президенті, Орынбай Дайырбекұлы Дайырбеков, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, Жақсылық Ақмырзайұлы Досқалиев, еңбек ардагері, Азамат Белгібайұлы Мағзұмов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Көпбейінді облыстық аурухана» КМК терапевт дәрігері, Сергей Львович Новичевский,Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының «№ 1 Павлодар облыстық перинаталдық орталығы» КМК бөлімше меңгерушісі , Жекшембай Нсанов, Атырау облысының еңбек ардагері, Айслу Сағадатқызы Нұрмағамбетова, «MedLineСервис» медициналық орталығының оториноларинголог дәрігері, Асылбек Тоқмырзайұлы Тогизбаев, «Дертке дауа» ЖШС клиникасының директоры.
Бүгінгі таңда республиканың денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 80 мыңнан астам дәрігер мен 190 мың мейіргер жұмыс істейді.