Кеше Түркістанда Орталық Азия кардиологиясы саласындағы ең ірі ғылыми оқиғалардың бірі - Түркі мемлекеттері кардиологтарының II Құрылтайы және Қазақстан кардиологтарының XVII Конгресі басталған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, ҚР Кардиологтар қауымдастығы, Қазақстан жүрек қызметінің жеткіліксіздігі және атеросклероз мамандарының қоғамдары, Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырған халықаралық жиын жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау, емдеу, алдын алула отандық және шетелдік кардиология мамандарын біріктіріп, білімін көтеруді, өзара әрекеттесу, тәжірибе алмасып кардиология саласындағы инновацияларды жариялауды көздейді.
Осынау оқиға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Ресей, Беларусь, Германия, Италия, Португалия мен Австралия мемлекеттерінің жүзден астам көрнекті мамандарын - жетекші кардиологиялық мектептер мен ғылыми орталықтардың өкілдерін біріктірді.
Бүгін жалғасын тауып отырған Форум бағдарламасы артериялық гипертензиядан бастап кардиогенетикадағы және жасанды интеллектті қолданудағы жаңа тәсілдерге дейінгі өзекті тақырыптарды қамтиды.
Құрылтай делегаттары мен қонақтарына құттықтау сөзінде Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов:
«Өңірлеріміз үшін маңызды мәселелерге және түркі мемлекеттерінің кардиологиялық бағыттағы мамандары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Өйткені, жүрек-қан тамырлары аурулары біздің елдеріміздегі жалпы өлім-жітім мен сырқаттанушылықтың негізгі себебі болып отыр және біздің бірлескен міндетіміз - осы сынақпен күресудің тиімді жолдарын табу болғандықтан, институтымыздың ғалымдары мен практикалық дәрігерлері белсенді түрде Конгресс жұмысына қатысуда. КІАҒЗИ Қазақстанның кардиологиялық, кардиохирургиялық және терапиялық қызметтерінің флагманы болып қалуда, онда еліміздің барлық өңірлерінен келетін жүрек және басқа да ішкі органдардың ауыр және диагностикалауда күрделі аурулары бар пациенттерге ең заманауи медициналық көмектің барлық түрлері жүзеге асырылуда. Тәжірибе алмасу, ғылыми диалог және достық байланыстар біздің пациенттеріміздің денсаулығын жақсартуға ықпал ететініне сенімдімін, деді.
Қазақстан кардиологтары қауымдастығының президенті Сәлім Беркінбаев:
«Мұндай кездесулер озық ғылыми деректер мен клиникалық тәжірибемен алмасу, жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте одан әрі ілгерілеу үшін негіз бола алатын жаңа кәсіби байланыстар, бірлескен жобалар мен бастамалар орнату үшін мүмкіндіктер беретініне сенімдіміз», деді.
Екі күн ішінде құрылтай отырыстары, атеросклероз және дислипопротеинемия, жүрек қызметі жеткіліксіздігі, аритмия, жедел коронарлық синдром мен миокардтың құрылымдық ауруларын эндоваскулярлық емдеу, кардиоонкология, балалар кардиологиясы және ЭХОКГ бойынша сессиялар өтуде.Сонымен бірге жас ғалымдардың дәстүрлі байқауы өтіп, қазақстандық жоғары оқу орындары мен орталықтардың резидент - кардиологтары арасында байқауы мәреге жетті.Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов кардиология және кардиохирургия саласындағы қызметі үшін Қазақстан кардиологтар қауымдастығының «Ақ жүрек» сыйлығына ие болды.